Мектепте берілетін тамақ қатаң тексеруден өту керек. Асханада жұмыс істейтін қызметкерден бастап, астың технологиялық дайындығы анық болуы тиіс. Жалпы балалардың тамақтан улануына әсер ететін факторлар қандай? Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тамақтану нысандарын бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Кенжегүл Қонысбаева Аlmaty.tv тілшілерінің сауалдарына жауап берді.
Айтыңызшы бір адам емес жалпы жаппай улануға не себеп болады?
- Санитар дәрігер ретінде айта кететін болсам, келесідей факторлар тағамнан улануға алып келуі мүмкін. Ең алдымен, бактерия тасымалдаушы жұмысшылардың қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеуі. Олардың өз мезгілінде санитарлық тексерулерден өтпеуі қауіпті. Сонымен қатар жеке гигиенаны сақтау аса маңызды. Тағам тасымалдау кезінде уақытының, сапасының дұрыс болмауы және тағамның дайындалу барысында технологиялық процестердің дұрыс қолданбауы сияқты факторлар әсер етуі мүмкін.
Тамақ жеткізушілерге қандай талап қойылады? Бәлкім, сол жағын қолға алу керек шығар?
- Мердігерлер туралы айтар болсақ, әрине, ең бірінші біздің талап - тағам қауіпсіздігінің стандарттарын сақтау. Сонымен қатар тауардың сапасы дұрыс болуы керек. Сапасының жоғары болуы, уақытылы алып келу сыңды мәселе бірінші орында тұруы тиіс. Әрбір тауардың сертификатын талап еткен жөн.
Оқи отырыңыз: Алматы мектептерінде тамақтану сапасына бақылау күшейтілді