Пәтер жалдап тұратын көпбалалы ана көпшіліктен көмек сұрайды

22.02.2022 в 02:49

Ол жұмысқа шығайын десе, қыздарына қарайтын адамның жоқ екенін айтады

«Амалым жоқ болған соң, алақан жаюға мәжбүрмін». Наурызбай ауданында 6 балалы ана 4 шаршы метрге жетпейтін бөлмеде өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

  

Наурызбай ауданына қарасты Қалқаман-2 шағынауданындағы аядай ғана пәтерде, жоқ, тіпті пәтер деуге келмейтін бір ғана бөлмеде 5 жасқа жетпейтін 4 қыз бала өмір сүреді. Оның біреуі осыдан 1 жыл бұрын химиялық сұйықтық ішіп қойғандықтан, қазір асқазаны ас-ауқатты көтермейді. «Тек айран ішетін бұл қыздың өзіне күніне әрқайсының құны 380 теңге болатын 5-6 бөтелке айран аламын» дейді анасы.

«Жұмысқа шыға алмаймын, қызым ауырады. Былтыр қазан-гель ішіп қойған еді… Енді кей кезде тамақ ішеді, кейде құсып, төсек-орын, киім ауыстырып шығамыз», - дейді көпбалалы ана Ақтолқын Дәулетова.

Қазір қыздардың үлкені колледжде, ал екіншісі ауылда, мектепте оқиды. Көпбалалы отбасының отағасы ішкілікке салынып кеткен. Ал бірнеше күн бұрын өзін өлімші етіп сабаған күйеуі туралы Ақтолқын «үйге тек анда-санда бір рет, оның өзінде мас күйде келеді» дейді.

6 адамға – 4 шаршы метр. Жылуы жоқ, есігі дұрыс жабылмайтын үйдің пәтерақысының өзіне ай сайын 25-30 мың теңге кетеді. Балалардың ас-суынан ақшаның артылмайтыны тағы бар. Бір ғана жәрдемақыға күн көріп отырған ана үшін әлбетте, бұл оңайға соқпайды.

«Көмектеспеді дейтін емес, ара-тұра азық-түлігін көтеріп келетін көпшілік бар» дейді Ақтолқын. Бірақ жарнама үшін отбасының жағдайын жылт еткізіп түсіріп алып, сол күйі жоқ болып кететін блогерлер де аз емес екен. 

«Паласты екі күн сайын жайып, құрғатып аламын. Суланып кетеді. Көрпе төсеймін, ол да суланып кетеді. Қабырғаның бәрі көгеріп кетеді, соны тазалап отырмын. Халықтан көмек сұрау себебім: бір баспанам болса екен. Осы 4 қызымды жетілдіріп, ішімдегі баламды аман-есен босанып алсам», - деп көзіне жас алады көпбалалы ана Ақтолқын Дәулетова.

Иә, көзбен көрген соң мұндағы жайтпен жақын таныс болдық. Табаныңнан сыз, жақтауынан жел өтетін бөлмеде балалар қалай шыдап отыр дейсің... Айтпақшы, «жұмысқа шығайын десем, қыздарыма қарайтын адам жоқ, оның үстіне жетінші балама аяғым ауыр» дейді Ақтолқынның өзі.

«Толқын тәтемен көрші болып тұрамыз, жақсы кісі, жақсы араласамыз. Дауыстарын естіп жатамыз, қандай күйде жүргенін көріп, жүрегіміз ауырады», - дейді А. Дәулетованың көршісі Маржан Балмұханова.

«Менде тұрған кезінде жақсы, бала-шағасына қарап, сөйтіп жүретін еді. Мінезін көрсеткен жоқ, жақсы қыз боп жүрді. Сол үшін аурушаң қызына көмек ретінде қарассаңыздар, аман алып қалсаңыздар», - дейді А. Дәулетованың келесі бір көршісі Жаңылай Әбілханова.

Аудандық әкімшілік Ақтолқынның жағдайымен таныс. «Тиісті құжаттарды үйде отырып-ақ түгендеп берсе, мүмкіндігінше көмек көрсетуге дайынбыз» дейді мамандар.

«Бұл кісіге енді екі көмек беріледі: АӘК және біржолғы берілетін көмек 61 мың теңге, соны ала алады. Ол кісіні жұмыспен қамту орталығы қабылдайды ғой, біз тағайындаймыз. Екі бөлім бар бұл жерде», - деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты әл-ауқат бөлімінің басшысы Зәуре Әбілдаева.

«Науқас сәбиімнің дәрі-дәрмегін былай қойғанда, кейде нан алып жеуге ақша болмай қалады» дейді Ақтолқынның өзі. Тамақ ішуге қауқары жоқ, тек айранмен асқазанын толтырып жүрген кішкентай Аминаның да еміне қаражат керек. Қысқасы, көптен көмек сұраған анаға қол ұшын созамын деушілер болса, +7 777 557 19 24 нөміріне немесе 4400 4301 3539 1818 есепшотына қаржы аудара алады.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы