Нұр-Сұлтанда үй кезегінде тұрған тұл жетімдер әділдікті талап етті

12.02.2020 02:50

Айта кетейік, елорда бойынша 2800-дей жетім үй кезегінде тұр

Олардың сөзінше, кезек баяу жылжиды. Тіпті 10 жылдан астам уақыт бойы күтіп жүргендер бар. Бала жастан ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар баспана жалдап, бас сауғалап жүруден шаршадық дейді. Шаһарда 2800-ге жуық тұл жетім санатындағы азаматтар үй кезегінде тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Үй ала алмай жүрмін. Тегін емес, тым құрыса ақша төлеп тұруға да. Бұл не сонда? Тіпті үйдің кезегіне де қоймай, сандалтуда», - деді бірі.

Бұл – жылдар бойы өздеріне тиесілі баспаналарын ала алмай жүрген жетімдердің көз жасы. Әбден ашынған көпбалалы әйел тіпті кезекке тұрудың азабын тартқан. Мемлекеттік органдар оны әрі-бері сабылтып, құжаттарын да қабылдамай қойған. Халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттарын түгел тапсырғанмен, төрт ай өткен соң «тұрғын-үй қоры қабылдамады» деген жауап айтқан.

«Қараңыздаршы, менен құжаттардың бәрін қабылдады. Ал енді маған бас тарту келіп тұр.  База істемейді дейді. Қайтадан барам, қайтадан сонда жібереді. Қысқасы, солай», - деді тағы бірі.

Ал мұндағылар өздерін кінәлі санамайды. Бар болғаны техникалық жүйе дұрыс істемеді деп ақталуда. Жүйеде ақау болғаны туралы ұсынған құжаттарында не шығыс нөмірі, не мөр де жоқ бір парақ қағаз ұстатқан. Ендігі бар айтар ақылдары - қайтадан құжат жинап, тапсырыңыз дейді.

«Мен барлық кінәні ХҚО артып тұрғаным жоқ. Жүйе ол біздің кінәміз емес. Ол құрастырушының кінәсі. Иә, аталған базада проблемалар болды. Мұндай өтініштер кері қайтып келді. Біз құзіретті органдарға, министрліктерге, құрылыс жұмыстары бойынша комитетке, жүйені құрастырушыларға хат жібердік. Бірақ қазір ол жойылды. Бұл – техникалық ақау», - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуар САЙПОВ.

Ал, Айсара Рүстембекова екі мүгедек баланы бағып отыр. Пәтерден-пәтерге көшіп, денсаулығы да сыр бере бастаған. Құрғақ уәдеге тойдырып болды дейді.

«Кезегіміз жылжиды дейді. Бірақ іс жүзінде еш уақытта жылжымайды. 2056 болып тұрсам, қазір 1600 адамның астында тұрмын. Әр жерде пәтер жалдап жүрміз. Өз басымызда үй жоқ. Екі бірдей мүгедекпен әркімнің үйіне кірем. Біреу жақтырады, бірақ көп адам жақтыра бермейді. Балам - аутизммен ауырады», - деді мүгедек балалардың анасы Айсара РҮСТЕМБЕКОВА.

Тұл жетім Руслан Тұрысбеков қолына бума-бума құжаттарын құшақтап, елордадағы жетімдердің құқығын қорғауды өз қолына алған. Оның айтуынша, кезек мүлдем жылжымайды. Тіпті алдыңғы қатарда тұрғандарға берілмей, ортасындағылар алып кетіп жатыр.  Оның үстіне биылдан бастап жетімдерге сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер беру жүйесі енгізілген. Бұл әке-шешесінен ерте айырылғандардың наразылығын тудырып отыр.   Ең құрығанда 2 пайызбен ипотека берсін деген талаптары және бар.

«Сондықтан біз өзімізге тиесілі кезегімізді заңды түрде алғымыз келеді. 10 жылдап кезекте тұрған қаншама жетім балалар бар бұл жерде. Олар қайда бару керек?!... Әкімге де кіргізбеді. Өткенде біз әкіммен кездесуде болдық. Оған да біраз айғай-шумен кірдік», - деді қала тұрғыны Руслан ТҰРЫСБЕКОВ.

Ал жергілікті атқарушы орган өкілдері сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер беру Заңмен бекітілгенін алға тартады. Қалада пайдалануға берілетін баспаналардың 20 пайызы жетімдерге үлестіріледі дейді.

«Баспана заң бойынша тізіммен беріледі. Жетім балаларға пайдалануға берілген баспаналардың 20 пайызы бөлінеді. Мысалы, 2018 жылы коммуналдық меншіктен 180 пәтер ғана берілсе, соның 36-ы жетімдерге табысталған. Яғни сатып алу құқығынсыз беріледі. Бұл жерде кезекке қай уақытта қойылғанына да мән беріледі.  Сатып алу құқығынсыз деген түсінік өткен жылы енгізілген. Көбі жеке меншік үйі болмағандықтан ол бағдарламаға қатысқылары келмейді», - деді - қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуар САЙПОВ.

Жеке зерттеулерін жүргізген жетімдер тізімге тіпті 29 жастан асып кеткендер, яғни жасы 50-ден асқандар қалай енгізілгенін түсінбей дал.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғын үй қорының директоры  тізімде тұрған адам жыл сайын өзі туралы ақпаратты жаңартып отыру керектігін айтты. Олай болмаған жағдайда баспана берер кезде ол пәтерден құр қалады. Айта кетейік, елорда бойынша 2800-дей жетім үй кезегінде тұр. Осы жылы 700 пәтер қолданысқа берілсе, соның ішінде 140-ы жетім азаматтар баспаналы болмақ. Ал, әкімдіктен күдер үзіп, әділдік іздеген бұл топ ендігі үмітіміз Үкімет дейді.

Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы