Алматыда «Волоколамск тас жолы», яғни «Арпалыс» кітабы қайта басылды

21.12.2019 03:05

Шығарма соғыстан кейінгі аз ғана уақыттың ішінде чех, грек, француз, неміс, поляк, венгр, фин, румын, корей, және ағылшын тілдеріне аударылған

Орыс жазушысы Александр Бектің таңдаулы шығармасының басты кейіпкері – қазақ халқының даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы. Осы шығармада аты аңызға айналған қолбасшының ұлттық мінезі мен қаһармандық іс-әрекеті терең ашылып, көркем шешімін тапқан. Оқырманға қайта жол тартқан туындының тұсауын Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов кесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Күні бүгінге дейін оқылып келе жатыр. Соған қарағанда бір жағынан бұл – бақытты кітап. Тәрбиелік мәні өте зор: отан қорғаушылық, елін, жерін сүюге арналған. Содай кейін ер азаматтың мінезін  қалыптастыруда, оның еліне, жеріне деген, еліне ие болатын, халқына қорған болатын азаматты тәрбиелеуде рөлі өте зор деп ойлаймын», - деді Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп АХМЕТОВА.

Сол кезде бұл кітап дүниежүзіне кең тараған көркем дүниелердің бірі еді. Шығарма соғыстан кейінгі аз ғана уақыттың ішінде чех, грек, француз, неміс, поляк, венгр, фин, румын, корей, және ағылшын тілдеріне аударылып, дүниежүзіндегі кітапқұмарлардың сүйіп оқитын туындысына айналған. Бауыржан Момышұлының тікелей араласуымен жазылған туынды – жастардың  бойындағы рухын оятып, отаншылдыққа тәрбиелейтін тамаша дүние.