Әуезов ауданында «Іскер ана» бағдарламасы бойынша 85 көпбалалы ана арнайы курстан өткен
Зиянды пакеттен бас тарт. Экологиялық таза дорбаны қолдан. Алматылық аналар полиэтилен пакеттерден бас тартуды ұсынуда. «Іскер ана» бағдарламасы аясында еңбек етіп жатқан көпбалалы ханымдар экологиялық таза дорбаларды қолдан тоқып, көпшілікке ұсынуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мақта мен жібек араласқан таза жіптен тоқылған сөмкеге бәрі сыяды. Күнделікті азық-түлік тасу үшін таптырмас құрал.
«Экологияны сақтауымыз керек. Полиэтилен пакеттер қаптап кетті. Ол ұзақ мерзімде жойылады. Сондықтан аналар экоөнім ұсынып отыр. Экосумка, экобұйымдар жасап жатыр. Жаңа жылға да арналған экоөнімдер бар. Бізді қолдап жатқан адамдар бар», - деді Әуезов ауданы бойынша «бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақнұр ЖҰМАБАЕВА.
Әуезов ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығында «Іскер ана» бағдарламасы бойынша 85 көпбалалы ана арнайы курстан өткен. Бес баланың анасы Мәншүк жақында ғана «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша 505 мың теңге грант ұтып алды. Сондай ақ «Менің кәсібім» жобасы аясында жағдайы төмен 10 шақты көпбалалы ана өз кәсібіне қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Қазір өз кәсібін бастаған аналар біртіндеп табыс табуда.
«Бақытты отбасы» орталығына келіп тоқыма курсына жазылып, жұмыс жасап жатырмыз. Өте қуаныштымын. Өз білгенімді балаларға, жастарға үйреткім келеді. Көпбалалы ата-аналар қол қусырып отырмауы керек. Осындай орталықтарға келу керек. Мұнда өте жақсы мастер класстар бар. Тоқымадан, ас дайындаудан дәрістер беріп жатыр», - деді көпбалалы ана, кәсіпкер Мәншүк НҰРҒАЗЫ.
Әуезов ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығы ашылған күннен бастап 1000-нан астам анаға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетілді. Айта кетелік, бүгінде Алматыда ірі супермаркет желілері полиэтилен пакеттерінен бас тарта бастаған. Екі ғасыр жатса да шірімей, қоршаған ортаны ластайтын пакетті алмастыратын басты өнім болатынына кәсіп иелері сенімді.