Алматы облысының Іле ауданында да дауыс беру қызу жүріп жатыр. Белгілі болғандай Чапаев ауылының әкімі лауазымына 4 үміткер ұсынылған. Қала маңындағы 10 ауылдық округті қамтитын аудандағы жағдайды Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай барлап қайтқан еді.
Іле ауданына қарасты дауыс беру учаскесі Чапаев ауылдық округінде орналасқан. Жоспар бойынша, мұнда жергілікті сайлау комиссиясы мен бақылаушылар таңғы сағат 7.00-ден бастап кешкі сағат 20.00-ге дейін келуші халықты қабылдап жатыр.
«Әртүрлі партия мен әртүрлі ұйымның сенімді өкілдері және бақылаушылары сайлаудың барынша әділ өтуін бақылауда. Нақты сайлаудың өту барысы, халықтың келуі, заңға сәйкес дұрыс өтуін қадағалап тұр», – деді комиссия төрағасы Махамбет Мұқажанов.
Эпидахуалға байланысты сайлау орындарында жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында кіреберіске бактерицидтік туннель қойылып, термометр мен антисептиктер қолданылды. Карантиндік сақтық шараларын сақтап кірген ауыл тұрғындары мекен-жайына қарай 3 сайлау учаскесінің біріне барып, өз дауысын берді.
«Ауылдың әкімін сайлау құқығы ауылдың тұрғындарына берілгендігіне өте қуаныштымын. Менің дауыс берген кандидатым - ауыл тұрғыны. Біздің ауылды біраз жылдан бері білетін адам. Осы ауылдың қоғамдық істеріне араласып, ауылда тұратын болғандықтан мен сол кандидатқа дауыс бердім», – деді Чапаев ауылдық округінің тұрғыны Салтанат Байжігітова.
«Әлбетте, ауыл әкімін сайлау құқығы жергілікті халыққа берілгеніне қуаныштымын. Менің білуімше, бұл елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Сол мүмкіндікті қолданып, біздің ауылды бес саусағындай білетін жауапкершілігі мол үміткердің әкім болғанын қалаймын», – деді Чапаев ауылдық округінің тұрғыны Нейла Катунина.
Бүгінде жалпы республика бойынша 2500 -ге жуық ауылдық округ әкімі бар. Аймақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға 2297 кандидат қатысып жатыр.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы