Саяси қуғын-сүргін, ашаршылықтың құрбандарын толық ақтамай, комиссия жұмысын аяқтамайды – Қ. Көшербаев

almaty.tv
almaty.tv
Мемлекеттік комиссия мүшелері АЛЖИР мұражай-мемориалдық кешенінің еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қойды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері АЛЖИР мұражай-мемориалдық кешенінің еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қойды. Шара барысында құрбан болған жандардың рухына тағзым жасалып, бір минут үнсіздік жарияланды. Мұндай іс-шаралар Алматы мен Алматы облыстарында да жалғасын тапты. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.

Бүгінгі тарихи күнді ұлықтау мақсатында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының төрағасы Қырымбек Көшербаев пен оның мүшелері АЛЖИР мұражайына гүл шоқтарын қойды. Шарада мемлекеттік хатшы тарихты зерттеу мен архивті зерделеу жұмыстары белсенді жүріп жатқанын айтты. Бұрын жабық болған материалдарға рұқсат алынып, базалық әдіснама бекітілді. Сондай-ақ, Қырымбек Көшербаев бұл жұмыстар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын мәңгі есте қалдыру және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі үлкен миссия болатынын атап өтті.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын, алапат қасірет ашаршылықтың құрбандарын бәрін толық ақтап, барлық тарихи құжаттарды көзіміз жетіп, оны елге жария етпей, мемлекеттік комиссия өзінің жұмысын аяқтамайды. Қазіргі таңда мемлекеттік комиссияның құрамында екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы, 17 аймақтық комиссия толыққанды жұмысына кірісті», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Дәл осы сияқты іс-шара Алматы облысының Жаңалық ауылында ұйымдастырылып, қаза тапқандарға арналып құран бағышталды. Артынша қоғам қайраткерлері мен тарихшылар кеңейтілген жиын өткізді.

Ал Алматыда саяси репрессия құрбаны болған белгілі мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің ескерткішіне де гүл шоқтарын қойып, келушілер зұлмат жылдарды еске алды. Шарада Темірбек Қараұлымен қатар бір заманда ұлт қамын ойлаған тұлғалардың тағдыры тілге тиек етілді.

«Біздің жастарымыз соны көріп, көкейіне тоқып өссін. Ертең біздің ел болуымыз, мемлекет болуымыз, тәуелсіздігімізді қалай сақтап қаламыз деген мақсатты сол жастарға көрсету болатын», – деді Т. Қ. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлиев.

Сондай-ақ, тарихи күнге орай арнайы көрме ұйымдастырылған. Ал жүргеновтанушы ғалымдар алдағы уақытта көрнекті тұлғаға қатысты тың деректерді зерттеу үшін Ташкентке жол тартпақ.  

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров