Білім басқармасының өкілі түйткіл дүйсенбі күні шешіледі дегенді жеткізді
Балаларымыз мектепте тоңып отыр. Нұр-Сұлтандағы №30 мектеп-гимназиясы оқушыларының ата-аналары әлеуметтік желіге балаларының денсаулығына алаңдайтындарын жазған. Себебі білім ордасындағы жылу нормадағы көрсеткішке жетпейді. Ешкім еш шара қолданбаған соң ата-аналар қайда барып арыздануға болатынын білмейміз дейді. Ал, білім ошағының басшылығы өздеріне тағылған уәж орынсыз деген сыңай танытып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балаларының білім нәрімен суық мектепте сусындап жатқанына алаңдаулы ата-аналар қауымы шағымдарын әлеуметтік желілердің бірінде қалдырған. Айтуларынша жаңа оқу жылы басталмай жатып, №30 мектеп-гимназиясы күрделі жөндеуден өткен. Алайда, қазір білім ордасы қабырғасындағы температура +15 градустан аспай отыр. Ал бүгінгі сақылдаған сары аязда мұндай салқын ғимаратта балалары жаурап отырғанын жеткізді. Тіпті жиі ауыратын болды дегенді жазған. Біздің шағымымызға құлақ асып, бас бұратын мектеп жетекшілігі жоқ дейді.
«Иә, қазір салқын мектеп, бірақ оқушылар келсе, жылиды», - деді бір ата-ана.
«Жоқ, суық емес, жылы», - дейді енді бірі.
«Қатты аязда мектептер де азынап кетеді. Сырттағы ауа райының әсерінен іш те оңайлқпен жылымайды», - деді тағы бірі.
Мектеп жетекшілігі, ата-аналар айтып отырғандай мәселе жоқ. Ал кабинеттердегі температураның төмендеуіне соңғы күндері болған аяз себеп дейді.
«Мектептегі температуралық жағдай қалыпты. Күн суытып, аяз күшейген үш күннен кейін кабинеттегі температура 20 градусты құраған. Себебі балалар үш күн бойы сабаққа келмеді. Сондықтан мектеп азынап кетті. Адамдар келсе, жылынады ғой. Қазір 24 градусты көрсетіп отыр. Батареялары ыстық. Біз тек ата-аналарды балаларына жылы кигізуді өтіндік. Үзілісте салқын тимесін дегеніміз ғой», - деді Нұр-Сұлтан қаласы № 30 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Татьяна АБДЕНОВА
Мектеп жетекшілігі осылайша ешқандай гәп жоқ екенін алға тартқанымен, білім ошағында жүрген әлдебір адамдар батареяларды тінтумен болды. Ал қалалық білім басқармасында, керісінше, түйткілдің барын жасырмады. Тіпті олқылықты жою үшін барлық шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.
«Осы күнге дейін жылу жүйесі істеп тұрған. Бірақ осындай суық кезде ол балаларға ыңғайсыз. Осы күнге дейін мектеп әкімшілігі осы мәселе бар екенін бізге хабарлама берген жоқ. Сондықтан ата-аналарға рахмет. Қазір біздің басқарманың қызметкерлері сол мектепке барды. Мердігерлерді шақыртып, барлығын көрсетті. Қазіргі таңда белсенді түрде жұмыстардың барлығы жасалып, дүйсенбіге дейін барлық кемшіліктер жойылады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Жазира АСАНОВА.
Білім басқармасының өкілі түйткіл дүйсенбі күні шешіледі дегенді жеткізді. Мектептегі жылу жүйесі толықтай жұмыс жасайды, ата-аналардың алаңдауына ешқандай себеп жоқ деп сендірді.
Салтанат Нысанбек, Әли Мұхтаров, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан