Наурызбай ауданының тұрғындары күйші Секен Тұрысбековпен жүздесті

02.11.2019 02:53

Жұртшылық «Көңіл толқынын» автордың өз орындауында тыңдап, күйшінің шеберлігіне тәнті болды

Наурызбай ауданында қазақ қоғамына еңбегі сіңген тұлғалармен кездесу дәстүрі бүгін тағы жалғасты. Бұл жолы тұрғындар қазақ композиторы, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбековпен жүздесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақтың ұлттық аспабы қара домбыраны қашан да қадірлейтін жұрт «Көңіл толқыны» күйін автордың өз орындауында тыңдап, күйшінің шеберлігіне тәнті болды.

«Тартымды кездесу болды. Тыңдаушылар мол. Есті сауалдар, жаныңды тербейтін, кеш болды. Ел, жер, күйге деген, күйдің нарқын, сөздің парқын түсінетін аудан қалыптасып қалған секілді», - деді  күйші, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Секен ТҰРЫСБЕКОВ.

Қазақ халқына тән күй өнері мен күйшілер жайында көкейлерінде жүрген көп сұрақтың жауабын Секен Тұрысбектің өз аузынан естіп, жұртшылықтың жанын тербеген жалынды күйлерін күйшінің өз орындауында тыңдаған наурызбайлықтар бұл күнді көпке дейін естен шығармасы анық. Оның үстіне әкімдік бұл шара жыл соңына дейін жалғасады деп жоспарлап отырмыз дейді.

«Халық пен өнер адамдарының арасындағы байланыстың осындай форматын күшейтуіміз керек. Тек қана, телеарна, концертпен, үнтаспалар арқылы ғана байланыс емес. Кесірінше осындай кездесулер арқылы халықтың көкейінде жүрген тілектері мен сұрақтарын осы  өнер адамдарына, елдің асыл азаматтарына қоятындай мүмкіндік туғызып отырмыз», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Ғани МАЙЛЫБАЕВ.