Таразда жаппай "алжапқыш" таққан тұрғын үйлер пайда болды

22.10.2020 03:42

Бердібек Сапарбаев қала орталығы мен шағын аудандардағы ескі үйлердің сыртқы кейпін қалыпқа келтіруді жауаптыларға тапсырған

Аlmaty.tv

Тараздағы тұрғын үйлер жаппай "алжапқыш" таға бастады. Үш ай бұрын облыс әкімі ескірген ғимараттарды сырлап жаңалауды тапсырған болатын. Бірақ жауаптылар жұмысты  жартылай жасауды жөн көрген. Енді көпқабатты үйледің сырты боялып  көрінбейтін ішкі  тұсы қараусыз қалып қойған. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жағдайдың жай жапсарын анықтаған еді.

Осындан 3 ай бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қала орталығы мен шағын аудандардағы ескі үйлердің сыртқы кейпін қалыпқа келтіруді жауаптыларға тапсырған болатын. Басы әдеттегідей әп-әдемі басталған. Дегенмен...  

Облыс әкімінің берген тапсырмасы ішкі қабырғадан іркілген секілді. Мұнда боялмақ түгілі назардан тыс қалғаны көрініп тұр. Тұрғындар бұл істі көзбояушылық теңеп отыр.

«Орталықта тұрғаннан кейін бір үйдің адамдар ар жағын жасаған, бер жағын жасамаған. Ол қандай енді, көңілге сыймайтын нәрсе ғой. Мен анау кітапхананың үстінде тұрамын, әкімдікке қараған бер жағын жасаған, тамаша енді. Ар жағы жұлым, жыртық, әлгі қазақ ала қойды бөле жарған жүнге жарамайды дейді ғой», – деді қала тұрғыны Нұрқыз Түнқатарова.

«Жазда жұмысшылар келіп сыртынан және жанынан бояй бастады. Біз тұрғындар ішкі жағында бояп беріңіздер дедік. Ал олар әкімдік бұйрық берді, ішкі жағын тұрғындар өздері бояп алсын деді. Мен өтіндім, декретте отырмын, кішкентай баламен төртінші қабатқа шығып боямаймын ғой», – деді қала тұрғыны Нұргүл Рахметова.

Облыс орталығының тұрғындары бұл баспаналарды алжапқыш таққан тұрғын үй деп атай бастаған. Сорақысы сол жартылай сырлау Төле би, Абай, Жамбыл тәрізді негізгі көшелердің бойындағы бес және тоғыз қабатты үйлердің бәрінде кездеседі. Сонымен қатар, шағын аудандардың барлығында осы бір жағдай. Ал, қала әкімдігі тапсырма болғанымен,бұл бағытта бірде-бір тиынның бөлінбегенін айтады. Оны мердігерлер демеушілік жасап бояп беріпті.

«Түркістан облысынан кіреберісте Тәуке хан мөлтек ауданы, Жансая мөлтек ауданындағы сырттан кіргенде кері әсер, жағымсыз болып көрінді. Сол үйлерді компаниялар бастады. Сыртқы қасбетін сырлау үшін Алматыдан альпинистерді әкеліп бояған. Басында келісім бергенде тек қана үш жақтан сырлау қарастырылған», – деді қалалық Тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Әкімдік қалған соңғы қабырғаны тұрғындардың өздеріне қалдырыпты. Олар керек болса жасап алуы тиіс деген пікірде. Бірақ тұрғындар оған белсене атсалыспайды дейді жауапты мамандар.

«Өкінішке қарай,  қала тұрғындары бұл жөнінде өте баяу немесе ешқандай атсалыспайды, немқұрайлы қарайды көбіне. Пәтерімнің іші таза болса, кіреберісі жөнделсе болды дейді. Бағана айтып кеткендей, мердігер ұйымдарға шыққанда тек 3 жақ бетінен сырлауға келісім берген. Біздің тәжірибемізде (тұрғындар - ред.) керек болса, әкімдік өзі жасап алсын деп өзі атсалыспайды», – деді қалалық Тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Сырты бүтін, ішкі тұсы түтін болған тұрғын үйлер әлі біраз осы қалыпта тұра бермек. Себебі тұрғындар сырлап беруді әкімдіктен өтінсе, билік жұрттың өзі жасасын деген пікірде.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы