Алматыда аз қамтылған отбасыларға киім-кешек таратылып жатыр

05.11.2020 02:54

Наурызбай ауданы бойынша 400 жанұяға көмек көрсетілді

Алматыда аз қамтылған отбасыларға киім-кешек таратылып жатыр.  Наурызбай ауданы бойынша осындай көмек 400 жанұяға көмек көрсетілді. Қайырымдылық акциясының басты демеушісі қалалық мемлекеттік активтер басқармасы. Мекеме қылмыстық істер бойынша тәркіленген мүлікті тұрмысы төмен жанұяларға таратуды жөн көрген. Ал оның мұқтаж жандарға жетуін қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы бақылауға алған. Игі шараға Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай көзайым болып қайтқан еді.

Әлеуметтің әл-ауқатын көтеру мемлекет алдындағы басты міндет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы халыққа арнаған Жолдауында да осы мәселеге баса назар аударған еді. Осы орайда Наурызбай ауданындағы жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Мәселен, төтенше жағдай кезінде мұндай жанұяларға азық-түлік себеттері таратылған.

«Бізге қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы қолдау көрсетті. Біздің қорда қандай да бір көмекке зәру мұқтаж жандардың тізімі бар. Кейде оларға азық-түлік себеттерін береміз, кейде заттай көмек көрсетеміз. Мұндай тұрғындар орталығымызға келіп тұрады. Ал мүмкіндігі жоқ жандарға өзіміз жеткізіп береміз», – деді «Мерейлі аналар» қайырымдылық қорының жетекшісі Халида Махмудова.

«Жүректен жүрекке» акциясы аясында ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы осыдан бір ай бұрын басталған. Ал, таратылып жатқан ел шекарасында тәркіленген заңсыз тауарлар. Ол қалалық мемлекеттік активтер басқармасының қорына жиналған. Олардың барлығы су жаңа.  

Наурызбай ауданында аз қамтылған 8 мыңға жуық жанұя бар. Олардың бірі Москвиновтар отбасы. 8 баланы өсіріп отырған ерлі-зайыптылардың тұрақты табысы жоқ. Әр істің басын бір шалып нәпақасын тауып жүр. Жанұя мүшелері шараның ұйымдастырушыларына алғыс білдірді.

«Аудандық әкімдікке үлкен алғыс айтқым келеді. Бізді естен шығармай әрдайым көмектесіп тұрады. Сонымен қатар, «Мерейлі аналар» қайырымдылық қорына да рахмет айтамын», – деді қала тұрғыны Ольга Москвина.

Қалалық мемлекеттік активтер басқармасы бөлген заттардың жалпы саны 300 мыңнан асады. Қазір шаһардың барлық аудандары бойынша тәркіленген мүліктерді мұқтаж жандарға тарату жұмыстары жүріп жатыр.  

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы