«Қыс қылышын сүйреп жеткенде, сусыз қалдық». Талғар ауданы Нұра ауылының тұрғындары осылай деп жанайқайын жеткізді. Миллиардтаған қаржы бөлініп, сметалық құжаттағы уақыты өтіп кеткен су құбырларының неге жарылып жатқанын Almaty.tv тілшісі біліп қайтқан еді.
Нұра ауылдық округіне су 2020 жылдың ақпанында келуі керек еді. Тартылған құбыр әр тұстан жарылып, енді көпшілік ішер суды іздеп әуре. Ашынған жұрт мемлекет бөлген ақшаның қайда кеткенін білмей, атқарылды деген жұмыстың нәтижесін көрмей наразы. Жауапты орындардың есігін бірнеше мәрте қағып, жауап ала алмаған соң амал да таусылған. «Өзімізде болмаған соң, суы бар үйден сұрап ішу де ұят болып барады» дейді жиылғандар.
«Жұмыс дұрыс аяқталмаған, бітпеген. Халық 2020 жылы уәде етілген суды 2021 жылы тұрмақ, 2022 жылы да іше алмайтын сияқты. Ал бөлінген ақша дұрыс қамтылмаған, жұмыс істелінбеген. Біздің мәселе осы», – дейді Нұра ауылдық округінің тұрғыны Бақытгүл Шөкеева.
«Жобалық құжаттар бойынша құбырлар 2 метр тереңдікте жатуы керек. Олар қазір жер бетінде жатыр. Қазір желтоқсан айында аяз болатын болса, судың бәрі қатып қалады да, 5 шағынауданның тұрғындары сусыз қалуы мүмкін», – деді Нұра ауылдық округінің тұрғыны Ахмет Оразбаев.
«Кеңес өкіметі кезінде осылай арбамен тасып алатын едік, бірақ ол кезде колонка деген болды. Сол суымыз дұрыс еді. Қазір міне, жаңа компания келді де, 2020 жылы бітеді деген суды әлі қоса алмай отыр. Суымыз қап-қара», – дейді тағы бір тұрғын Айгерім Нұрданова.
Иә, бір шәугімді толтырудың өзіне бірнеше минут кетеді. Су жеткіліксіз болған соң, киім жуылмайды, себебі техника тартпайды. Кей үйде сыздықтап су аққанымен, көбінде ол да жоқ. Ал көмусіз тұрған құбырларға қарап жұмыс бітті дей алмайсың. Оның қайта-қайта жарылып, қажетінше қызмет атқара алмай тұрғаны да осы салғырттықтың салдары болып отыр.
Құжат бойынша былтыр аяқталуы тиіс болған жұмыстың қазіргі күйі – осы. Су құбыры көмілмепті, қазылғаны жабылмапты. Ресми шартта 1 миллиард 39 млн теңгеден аса қаржы бөлінгені де анық көрсетілген. Ал енді ақша да, су да жоқ.
Ауыл азаматтарының мәселесі әкімге де таңсық емес. Ол мердігер компаниямен келісімге келгенін айтты. «Ендігі 1 айда су мәселесі толығымен шешіледі» деген жауап алдық.
«Алдағы айда жұмысты бітіреміз деп отыр. Апат болатын болса, мердігерлерді шақырамыз да сотқа жүгінеміз. Сотқа бере саламыз. Келісімде солай көрсетілген», – деді Нұра ауылдық округінің әкімі Сейітқұл Донбаев.
«Су құбыры бір айда, жол мен қоғамдық көлік, сондай-ақ жарық мәселесі көктемде шешімін табады» дейді әкім. Тұрғындардың кезекті уәдеге сенбегені тағы бар. Себебі Нұра ауылында қордаланып қалған шаруа көп. Жарық жайы тіптен жаныңды ауыртады. Күн көруге керек қажеттілік өтелмей тұрған соң, көпшілік қолдан келгенше өздері қам жасап алған. Мұнда сақталмай тұрған қауіпсіздікті де ұмытпаған жөн. Ал ауыл азаматтары бұл жолы да уәде уақытымен орындалады деп сенеді.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы