Адамдар ауылдан неге жаппай көшіп жатыр

qazaquni.kz
qazaquni.kz
Әрбір бесінші ауылдағы мектептер мен балабақшаларға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің 2 мыңнан астам ауылы сапалы ауыз сумен қамтылмаған. Қордаланған мәселені көтерген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, әрбір бесінші ауылда мектептер мен балабақшаларға, ал әрбір үшінші ауылда ауруханаларға, дәрігерлік амбулаторияларға, фельдшерлік-акушерлік пункттерге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті. Ауылдан адамдар неге жаппай көшіп жатыр? Жастардың туған өлкесіне қайтып оралуға неге ынтасы жоқ? Ауыл мектептерінің тағдыры не болмақ? Бұл сұрақтардың жауабын Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек іздеп көрді.

Сенатта өткен ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда ауыл мәселелері ашық айтылды. Сенатор Ақылбек Күрішбаевтің айтуынша,  2011 жылы ауыл халқының үлесі 45,4% құраса, қазір бұл көрсеткіш 41,3%-ға төмендеген. Әсіресе, тұрғындардың экономикалық белсенді бөлігінің үлесі күрт азайған. Мәселен, өткен жылдың өзінде жарты миллионға жуық адам ауылдан қалаларға қоныс аударған.

«Статистика мәліметтері бойынша, 2019 жылы ауылдағы жан басына шаққандағы табыс айына 45 829 теңгені құраған. Ал біз жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, ауыл тұрғындарының табыстарын бағалау одан да аз, айына 35 349 теңге. Сондай-ақ, табысы, күнкөріс деңгейінен төмен, аз қамтылған отбасылар саны ауылдық жерлерде 6,6%, бұл қалаға қарағанда 2,5 есе көп. Осылайша, еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Қазақстан фермерлері одағы қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді тілге тиек етті. Жолдардың жағдайын өз көздерімен көру үшін атқарушы билік өкілдеріне сол жолдармен жүріп өтуге кеңес берді. Бұдан бөлек, агроном, мал дәрігері, механизатор секілді ауыл шаруашылығына аса қажет мамандықтарға оқыту белгісіз себептермен ұмыт қалғанына қынжылды.

«Өкінішке қарай, оптимизация, урбанизация деген ұранмен көп жағдайда мәселенің қаржылық және экономикалық жағына баса мән беріліп, адамдардың тағдыры екінші кезекке қалып қойып жатыр. «Болашағы жоқ» деп жүздеген ауылды санаттан сызып тастау қазақтың болашағы жоқ деумен бірдей. Өкінішке қарай, сол саясаттың кесірінен 1 100 ауыл жабылды. Ауылда аз үй қалса да жол салып, су тартып, тұрмысын жақсартудың амалын ойлау керек», – деді Қазақстан фермерлері одағы қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев.

Сондай-ақ, Жигули Дайрабаев ісін ілгері бастыруда қиындықтарға тап болатын шаруалар субсидия, кредит, дизельдік отын бер деп Үкіметтің артынан емес, Үкімет соның бәрін ұсынып шаруаның соңынан жүгіруі керек деді. Себебі өнімді беретін де, елді асырайтын да шаруалар екенін министрлердің есіне салды. Бұдан бөлек сенаторлар ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмек ала алмай отырғанын алға тартты. Амбулаториялық пунктері, жедел жәрдем көліктері, дәріханалары жоқ ауылдар да бар екен. Өз кезегінде  Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мұндай проблеманың барын мойындады.

«Шынымен де, ондай теңсіздік бар. Ол, біріншіден, ауыл халқының санына байланысты. Соңғы 3 жылда біз ауылдарда 400-ге жуық медициналық нысан салдық. 2025 жылға дейін 1000-нан астам нысан бой көтереді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.  

Сонымен қатар, ауылдық жерлерде демография төмендеп кеткен. Оның негізгі себебі ретінде жұмыссыздық деп отыр сенаторлар. Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 6322 ауыл бар. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауы бойынша оның 3,5 мыңында немесе 56 пайызында ғана дамуға қажетті әлеует бар.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров