Өткен жылы шаһарда 76 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған
Биыл Алматыда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл туралы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мамандары айтты. Былтыр дағдарысқа қарсы көптеген бағдарламалар іске асып, шаһарда 76 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған еді. Биыл 50 мың адам еңбекпен қамтылмақ. Жұмыссыздықты жою мақсатында қолға алынған игі шаруалардың нәтижесімен Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке айтсын.
Болатхан Шонжыбайұлының «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында қаладағы құрылыс компанияларының біріне күзетші болып орналасқанына 3 жылдай болыпты. Жұмыссыз жүргендерге осындай бағдарламалар арқылы мол мүмкіндіктер қарастырылғанын айады.
«Орман шаруашылығында 20 жыл істедік. Одан Алматы қаласына келіп, қазір осы «Эталон» компаниясында күзетші болып жұмыс істеп жүрміз. Жұмыспен қамту орталығына барып, солар жіберген, содан 3 жылдай болды, осында істеп жүрмін. Жұмыс жақсы», – деді қала тұрғыны Болатхан Сабырбек.
Өткен жылы шаһарда 76 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 30 мыңы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің көмегімен жүзеге асса, 21 мыңнан астамы «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде. Одан бөлек, «Еңбек», «Бизнестің жол картасы», аймақтарды дамыту және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да тұрақты және уақытша жұмыс орны құрылып, қол қусырып отырғандардың саны азайған.
ГРАФИКА-1. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
2020 ЖЫЛ 2021 ЖЫЛ
76 301 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ 49 248 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ
ГРАФИКА-2. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
2020 ЖЫЛ
30 032 КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ
18 648 «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ
824 АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ
21 689 «ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖОЛ КАРТАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ
3 540 «БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ - 2025»
455 «НҰРЛЫ ЖЕР»
«Мемлекеттік, жергілікті бағдарламалар бар ішінде, жеке бизнес субъектілерімен бірлесіп те жұмыс істейміз. Былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 21 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл бағдарлама жалғасын табады. Оған 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады деп жоспарлап отырмыз», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Сонымен қатар, екі қолға бір күрек таппай жүргендер үшін енді пандемия кезінде Enbek.kz сайты онлайн қызмет көрсете бастады. Жұмыссыз отырған азаматтар жұмыспен қамту орталығына бармай-ақ портал арқылы тіркелді.
«Пилоттық режимде жұмыспен қамту орталығына келмей онлайн жұмыссыз болып тіркелуге болады. Біздегі бар вакансияларға сол жерден жолдама алуға болады. Сосын әрі қарай жұмысшымен тікелей жұмыс істеуге болады. Ол үшін Enbek.kz сайтына кіріп, өз қаласын таңдап, оған электрондық қолтаңба керек», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Enbek.kz порталының пилоттық жобасы басталғалы былтыр қарашадан бастап мыңнан астам адам осы сайт арқылы тіркеліпті.
Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы