Бүгін онлайн-платформада «Teaching for heroes» жобасы өз жұмысын бастады
Елімізде дәрігерлердің балалары енді ағылшын тілін тегін үйрене алады. Бүгін онлайн-платформада «Teaching for heroes» жобасы өз жұмысын бастады. Бар уақытын қауіпті дертпен арпалысуға жұмсап, бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөле алмай жүрген ақ халаттыларға мұндай көмекті кім жасамақ? Қашықтан оқудың шарттары қандай? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатып айтсын.
Жобаның негізін салушы – жасы 16-ға енді толған жерлесіміз Илья Кан. Өзінің айтуынша бұл жобаны бастауға алматылық медбикенің әңгімесі себеп болған.
«Наурыз айында Америкадағы оқуымнан Қазақстанға келгенімде, мен 2 апталық карантинге жатқызылдым. Себебі ұшағымыздан коронавирус індетін жұқтырған жолаушы анықталды. Ауруханадағы медбикелердің бірімен тез тіл табысып кеттім. Ол «балама ағылшын тілін үйреткім келеді, алайда дұрыс көңіл бөле алмай жүрмін» деп жиі айтатын. Артынан осындай жоба жасау туралы ой келді», – деді «Teaching for heroes» жобасының негізін салушы Илья Кан.
Ауқымды жобаға әлемнің түкпір-түкпірінен шет тілін жақсы меңгерген 450 ерікті тартылған. Оқытушыларға талап қатал, тіл білу деңгейін дәлелдейтін IELTS немесе TOEFL сертификаты болуы керек. Ал, тіл үйренуге жалпы мыңнан аса бала ниет білдіріпті.
Індетпен алысқан медицина мамандары бірнеше ай бойы отбасынан жырақта жүр. Сондықтан балаларымыздың карантиндегі бос уақытты пайдамен өткізетіні қуантады дейді.
«Teaching for heroes» атты жобаның ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Осы жобаның арқасында біздің балалар, яғни медицина қызметкерлерінің балалары биылғы жабық ерекше карантинді демалыстарын тіл оқып, пайдамен өткізуде», – деді дәрігер Зейнеш Қайырбекова.
Тегін оқуға 8 және 16 жас аралығындағы кез келген медицина қызметкерінің баласы өтініш бере алады. Ол үшін бар болғаны ұйымның ресми сайтында сауалнама толтыру қажет.
Сымбат Ноғай, «Алматы» арнасы