7 мыңнан астам пластикалық қақпақты қолданған
Кілемдер, ойыншықтар мен фигуралар. Алматылық 5 жасар бүлдіршіндер тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып отыр. Алатау ауданындағы балабақшада мұғалімдер жас өнертапқыштар үшін шеберхана ашып, балаларға пластиктен түрлі бұйымдар жасауды үйретіп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онда негізінен бос бөтелкелер мен қақпақтарды пайдаланады екен.
Қазақтың ою-өрнегімен нақышталған кілемді жасау үшін мектеп жасына дейінгі балалар мен тәрбиешілер 7 мыңнан астам пластикалық қақпақты қолданған. Жасалу технологиясы да күрделі емес. Алдымен ұстаздар арнайы материалға эскизді бейнелейді, содан кейін оған балалар қақпақтарды жабыстырады. Барлық жұмыс орта есеппен екі аптаға созылған. Ерекше кілем массаждың рөлін орындайды. Балалар түскі ұйқыдан оянған соң, жалаң аяқ жүреді, бұл май табан болдырмайды және жүйке жүйесіне жақсы әсер етеді дейді ұстаздар. Кілемнен бөлек, жас шеберлер ойыншықтар, фигуралар, сағаттар мен үйдің модельдерін де жасайды.
«Бізде басқа төрт сала бар. Ол – танымдық сала, қарапайым математика, коммуникация, үлестірмелі материал. Үлестірмелі материалдармен балалар суреттерге қарай отырып, сыңарын табады, оған қарап әңгіме, сөздер құрастырады», – деді Алатау ауданы № 37 балабақша меңгерушсі Айнұр ӘЛІМБЕКОВА.
Сондай-ақ, балабақшада қақпақтар қалашығы бөлмесі де бар. Онда тәрбиеленушілер қақпақтарды түстерге сәйкес жинау қажет. Бұл саусақтардың моторикасын дамытуға, сонымен қатар күн сайын жаңа нәрсені үйренуге мүмкіндік береді. Өткен жылы мектепке дейінгі мекемеде 50 мыңнан астам қақпақ жиналған. Ата-аналардың айтуынша, мұндай жаңашылдық балаларына қатты ұнайды екен. Тіпті, бүлдіршіндер үйде жүргенде де керексіз қалған заттардан бірнәрсе құрастырып шығаруды ойлайды дейді.
«Балалардың ойлау қабілетін жақсартуға арналған, мысалы есептеу тағы басқа құрастыру ойыншықтарын жасап отырады. Үйде көрсе де балаларымыз соны анадай жасаса, мынандай жасаса деп қызығушылығы артып отырады. Және де мен ойлаймын бұл қақапақтармен жұмыс істеудің түпкі мақсаты - балаларды үнемдеуге тәрбиелейді деп ойлаймын», – деді ата-ана Алина ҚАРАБОТАЕВА.
Одан өзге балабақша тәрбиешілері әдеттегі ағаш үстелдер мен орындықтарды сатып алудан бас тартуды жоспарлап отыр. Енді олар пластик бұйымдарды қайта өңдеуді жалғастырып, одан балалар жиһаздарын жасауды қолға алмақ.
Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы