«Қарды ерітіп, ішіп отырмыз»: Жауғашты ауылының тұрғындары ауыз суға зәру

03.02.2023 в 02:58

Мәселені ауыл әкімдігіне айтқан, нәтиже жоқ

«Қарды ерітіп, ішіп отырмыз». Алматы облысы Жауғашты ауылының тұрғындарының айтуынша, 1 айдан бері су құбыры қатып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қыста әбден қиналған тұрғындар «көктем келсе мүлде сусыз қаламыз» деп қорқады. Өйткені ауылға ескі құбыр тартылған. Ал аяз болса, құбыр жарылып, әбігерге салады екен.

«Су мәселесіне келетін болсақ, құбыр қатып қалды. Біресе су бар, біресе жоқ. Қар ерітіп ішпесе, суды қайдан алады?» – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Самал Есенбаева.

2000 халқы бар Жауғашты ауылындағы су құбыр жүйесі ескірген. Мәселені ауыл әкімдігіне айтқан, нәтиже жоқ.

«Сағынов – жеке кәсіпкер. Құбыр жарылған күні Сағыновқа звондадық. Жауап болмады. Тұрғындар өзіміз жасадық. Су бізде қатып қалды. Оны еріту үшін 20-30 мың ақша сұрап жатыр», – деді Жауғашты ауылының тұрғыны Зарина Тоқымбетова.

Әлгі су құбырына жауапты деген жеке тұлғаларды біз де ауылдан кездестірмедік. Қатқан құбырды қалпына келтіріп жатқандар да байқалмады. Ал қалың көпшілік ай сайын ауыз су ақысын уақытылы төлейтіндерін айтады. Ал жергілікті әкімдіктегілер болса, ауыл толықтай ауыз сумен қамтылған деп ағынан жарылды.

«Ауыл толық сумен қамтамасыз етілген, құбыр тартылған. Ал бір көшеде жоқ десе, тұрғындардың үйіне қосылатын құбыр қатып, су бармаған. Халықтың жағдайын сұрап әр аптада ауылды аралаймыз», – деді Междуреченск ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ләйлә Бейсенова.

Ауыл жұрты жауаптылар үнсіз отыр деп бас көтерсе де, әкімдік бұл мәселеге бас қатырмаған да сияқты. Тіпті алдағы уақытта шаруа шешіледі деген деп уәдені де ести алмадық.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы