Батпаққа батқан жұрт: алғабастықтарды әбігерге салған мердігер компанияға айыппұл салынды

23.02.2021 02:58

Дәл мұнда өткен жылы су және кәріз жүйесін жүргіземіз деп тегіс жолды қазып тастаған

Almaty.tv

 Алатау ауданының тұрғындары көктемде лай кешіп, жазда шаң жұтамыз деп наразы. Алғабас шағын ауданының он көшесінде су және кәріз жүйесін жүргіземіз деп тегіс жолды қазған мердігер мекеме сол күйі тастап кеткен. Салғырттық танытқандар кесірінен азап тартып отырған халықтың жанайқайын Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы тыңдап қайтты.

Алғабас шағын ауданының тұрғындары батпаққа белшесінен батқан. Күнделікті тіршілік кешу үшін тұрғындар түрлі айлаға барады. Десе де көктем келісімен жаяу жүргіншілер мына жолда жүріп өтуі мүмкін емес екенін көріп тұрмыз.

Дәл мұнда өткен жылы су және кәріз жүйесін жүргіземіз деп тегіс жолды қазып тастаған. Батпаққа батқан тұрғындар құзырлы мекемелерге мәселесін айтып, бірнеше рет хат жазған. Нәтиже көрмеген соң, тұрғындар қалтасынан ақша шығарып, шама-шарқынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп келіпті. Адам да, көлік те жүру мұңға айналған.  

«Мына Тұмар балабақшасы әкеп жүрген едік немеремізді. Қазір мына батпаққа байланысты әкеле алмай отырмын. Үйде бір жарым жасары бар. Екеуін бірдей жетелеп келе алмайым мен. Сол үшін балабақшадан қалдыруыма тура келіп отыр», – деді Алатау ауданының тұрғыны Райхан Ешенқұлова.

Жиналғандардың түйіткілді мәселесін шешу үшін көп ұзамай оқиға орнына қалалық әкімдіктің өкілдері келді. Олардың айтуынша, бұл жобаға жауапты мердігер компаниясы салғырттық танытқан. Енді оларға қатаң жаза қолданылмақ. Ертеңнен қалмай тиісті мекеме өкілдерімен Алғабасқа келіп, мәселені шешуге кірісеміз деп уәде етті.

«Ертеңнен бастап мердігер компаниясы осы Алғабас ауданындағы барлық балшықты, бұзылған жерді ретке келтіруге уәде беріп жатыр. Мердігер компанияға осы уақытқа дейін осындай жасаған жұмыстары үшін айыппұл салынды. Енді қазір өзіміз қатаң қадағалауға аламыз», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Ермек Жұмағалиев.

Айта кету керек, Алғабас шағын ауданында 13,2 шақырым су және 15,7 шақырым кәріз жүйесі тартылып, 9 мың тұрғынды қамтыған. Барлық жұмыстар 2021 жылдың 25 маусымына дейін аяқталуы тиіс.

Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы