Алматының бас полицейі қызмет барысында көз жұмған тәртіп сақшыларының отбасына барды

17.06.2020 02:59

Қазақстан полициясы күні қарсаңында әріптестері марқұм Ғалымжан Әбдіровты еске алды

Almaty.tv

Ер есімі – ел есінде. Бүгін Алматының бас полицейі Қанат Таймерденов қызмет барысында көз жұмған әріптестерін еске алып, отбасыларына арнайы барды. Қылмыскерлермен болған шайқаста қаза тапқан марқұмдардың бала-шағасының хал жағдайын сұрап, кішігірім сый-сияпат табыстады. Ерліктері елге мұра, ұрпаққа үлгі болған азаматтардың аты еш ұмытылмайды деп атап өтті ол. Almaty.tv тілшісі толықтырады.

Қазақстан полициясы мерекесі қарсаңында қаланың бас полицейі Қанат Таймерденов қызмет бабында көз жұмған тәртіп сақшыларының отбасына барды. Ол «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайды деді. Қаһармандардың өшпес ерлігі қашанда халық есінде. Марқұм полиция сержанты Ғалымжан Әбдіровтың жанұясы жылда мейрамды жолдасының әріптестерімен өткізетінін айтады. Отағасын еске алып, сый-сияпатын әкелетін Алматы қаласының Полиция департаментіне алғысын білдірді.

«Бізді ұмытқан емес. Қайта, керісінше, жиі естеріне алып тұрады. Марқұм жолдасымның әріптестері келген сайын қатты қуанып қаламын. Ғалым жоқ болса да, оның аты өшкен жоқ деп есептеймін. Осындай ұжымы, достары тұрғанда, ол ешқашан ұмытылмақ емес», - дейді полиция аға сержанты болған марқұм Ғ.Әбдіровтың жары Гүлнәз МЕРЕЕВА.

Марқұм Ғалымжан Әбдіров 38 жасында дүниеден өтті. Артында қалған бір қызы бар.

Ғалымжан Әбдіров 2011 жылы әріптесімен бірге Әуезов ауданында қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде жүрегіне оқ тиіп, жедел жәрдем көлігінде жантәсілім еткен. Жары қайғылы жайтты жиі еске түсірмеуге тырысады. «Басты міндетім – жалғыз көз қуанышымызды әкесінің үмітін ақтайтындай етіп тәрбиелеу» дейді.

«Аяжан ол кезде 7 жаста болған. 2-сынып оқитын. Қазір 11-сыныпты бітіріп жатырмыз. Құдай бұйыртса, университетке түсуге дайындалып жатыр. Өзінің арманы бар. Көп нәрсе айтуға болады. Себебі, жолдасым жастай кетті ғой. Оның өмірге деген құлшынысы өте ерекше болатын. Ол отбасын, жұмысы мен спортты басты орынға қоятын, осы үш нәрсені ерекше қастерлеп жүретін», - дейді Гүлнәз МЕРЕЕВА.

Абыройлы міндетті атқарып, бейбіт күнде қызметтік парызын орындау кезінде қаза тапқан әріптесі жайлы айтуға отбасының досы Арынғазы Жұматаев да келді. Ол үшінші дәрежелі «Айбын» ордені табысталған марқұмды бар құрметке лайықты деп санайды.

«Марқұммен кезінде Әуезов аудандық Ішкі істер басқармасында бірге жұмыс істедік. Ол кезде патрульдік полиция полкінде бірге қызмет атқарғанбыз. 1998 жылы Ғалымжан марқұм Алматы облысы Қарасай ауданынан Алматы қаласының Ішкі істер департаментіне ауысып келді. Ғалымжан жұмысына өте адал азамат болған. Артынан еріп келе жатқан жас мамандарға үлгі көрсетіп, білгенін үйретіп, өте адал азамат болды», - дейді қалалық Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Арынғазы ЖҰМАТАЕВ.

«Ел ерімен еңселі» деген қалалық Полиция департаменті марқұмдардың артында қалған бала-шағасының жағдайын жыл бойы бақылауда ұстайды. Әріптестері бір күндік еңбекақыларын аударып, көмек көрсетеді.

Айта кетсек, Алматыда тәуелсіздік алған уақыттан бері 70 тәртіп сақшысы қызмет бабында опат болған. Оның 32-сі – қылмыскерлермен күресте қапыда қаза тапқандар.

Жадыра Омаржан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы