Шапшаңдық пен жылдам шешім қабылдауға үйрететін бұл тактикалық қимылдар жазық далада өтті
Алматы облысында Қазақстан Республикасы Әуе қорғаныс күштерінің әскери бөлімдері ауқымды арнайы тактикалық оқу-жаттығу өткізуде. 3 күн бойы жауынгерлер ақауы бар әскери техникалар мен көліктерді жөндеп, ұшақтарды апатты жағдайда жылдам қалпына келтіру әдістерін пысықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әскери бөлімдердің қойылған тапсырмаларды орындау қабілеттілігін анықтауға негізделген жаттығуы 3 кезеңнен тұрады. Ең алғашқы кезеңде отан қорғаушылар қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалай отырып, ЗИЛ, УАЗ, Камаз секілді әскери көліктердің ақауын белгіленген уақытта түзетті.
«Бір тәулік ішінде біз 5 автомобиль техникасын жөндеп және тез арада алып шығуымыз керек. Сондай мақсатымыз бар. Бізде дәнекерлеуші бар, автомеханик, аккумуляторшы бар. Ең бірінші бұзылған көліктер келген кезде ең алдымен дезинфекция жасайды», – деді 55-078 әскери бөлімінің ақауды тексеру және эвакуациялау тобының басшысы Азамат Садықов.
Шапшаңдық пен жылдам шешім қабылдауға үйрететін бұл тактикалық қимылдар жазық далада өтті. Сарбаздар жаудан қорғану мақсатындағы атыс-шабысқа дағдыланып, ұрыс болған жағдайда бұзылған жолдарды жөндеу тәсілдерін игерді. Сондай-ақ, үшінші кезеңде жауынгерлер ұшу-қону алаңдарында басқарылмайтын авиациялық зымырандарды тексеріп, зеңбіректерге арналған оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды қолдануды үйренді.
«Оқу-үйрету жаттығулары 5-10 жыл сайын ұйымдастырылады. Бұған дейін тұрақты бір жерде өтетін. Осы жылы әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшылары бекіткен даярлық жоспарға сәйкес, 280 шақырымды жауынгерлер қажет құрал-жабдықтар мен авиациялық зақымдау құрылғыларын алып жүріп, тиісті әрекетті орындауы қажет. Жаттығу жасап жатқан үш бөлім осылай 15-20-ға жуық рейс жасайды», – деді 55-078 әскери бөлімінің бас инженері Нұрбек Төлеуов.
Жыл сайын жоспарлы түрде өтетін әскери шараны биыл Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысының орынбасары, полковник Мұратжан Жұмағазиев басқарды. Оның сөзінше, әуе ұшақтарын жөндеу мақсатында 2019 жылы авиацияның өндірістік фронтындағы цехының базасында ұшу аппараттарына қызмет көрсету және жөндеу бойынша сервистік орталық ашылған. Сол жерден оқудан өткен мамандар бүгінде жаттығу барысында алған білімін көрсетуде.
«Осындай жаттығуларды ел өңірлерінде жыл сайын өткіземіз. Осыған ұқсас жаттығулар өткізу барысында жеке құрамды үйретеміз, күнделікті өмірдегі тәжірибе барысында олардың қабілеттілігін жетілдіруге дейін апарамыз, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының әуе қорғаныс күштері бөлімдерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағдайын және қойылған тапсырмаларды орындау қабілеттілігін анықтаймыз», – деді Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары Мұратжан Жұмағазиев.
Тактикалық жаттығуларға барлығы 100 жауынгер және 50 бірлік әскери техника қатыстырылды. 26 қыркүйек күні тактикалық шаралар аяқталатын болады.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы