Қазір Қазақстанда 17 мыңға жуық интернационалист жауынгер бар
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл. 10 жылға ұласқан әскери қақтығысқа елден 22 мыңнан аса сарбаз аттанған. Олардың 924-і қаза тауып, 22-сі хабар-ошарсыз кеткен, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды. Бүгін сол сұрапыл соғыстан аман оралған ардагерлер Алматыда бас қосып, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Күні кеше ғана майдан даласында өзіне міндет артқан, ел сенімін ақтау, қасындағы жауынгерді жау қолына тастамау үшін өз өмірін құрбандыққа шалуға дейін барған біздің жауынгерлердің биік патриотизмнің ерен үлгі-өнегесін көрсеткені белгілі. Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстағы әкелеріміздің жауынгерлік ерліктерін ауған соғысында бірден-бір қайталаған ауған соғысының ардагерлері мына отырған өздеріңізсіздер», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек СМАҒҰЛ.
Қазір Қазақстанда 17 мыңға жуық интернационалист жауынгер бар. Олар әртүрлі салада еңбек етіп келеді. Қатарларында елшілер, әскерилер, прокурорлар және түрлі беделді мекемелерде еңбек етіп жүргендер де баршылық. Бас қосқан ардагерлер ауғандағы қанды майданды, онда бірге болған қарулас достарын, ұрыс даласын еске алып, бүгінгі бейбіт заманға шүкіршілік етті.