Алматыда бір аптада 1000-ға жуық азамат тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекетке барған

29.01.2020 03:00

20 ақпанға дейін жергілікті полицейлер әл-аухаты төмен отбасыларды аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізеді

Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді. Мұндай заң бұзушылықтарды тәртіп сақшылары «Тұрмыс» атты республикалық жедел алдын алу шарасын жүргізу барысында анықтаған. 20 ақпанға дейін жалғасатын іс-шара бойынша жергілікті полицейлер әл-аухаты төмен отбасыларды аралап, профилактикалық жұмыстар жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Құқық қорғаушылар жағдайы мүшкіл отбасыларды осылай аптасына бірнеше рет қадағалап тұрады. Ішімдікке салынып кеткен әкесінің қолында жалғыз қалған бұл жеткіншек жарты жылдай балалар үйінде болған. Әкесінен күдіктенген тәртіп сақшылары қызды туыс әпкесіне табыстауды жөн көріпті. Алайда бұл азамат қанша ішімдікке салынса да, ата-ана құқығынан айырылғысы келмейтін сияқты.

«Мен оны балалар үйінен алып кеттім. Қазір оны толық қамқорлыққа алу үшін құжаттарды дайындап жатырмыз. Отбасымызбен бірге болады деп шештік. Балалар үйінде жетімсірегенше өзімізбен болғаны дұрыс деп ойлаймын», - деді қала тұрғыны ФАРИДА АБДУЛЛИНА.

Мына отбасындағы жағдай да осыған ұқсас. Ащы судың құрбаны болған әйелдің балалары уақытша жетімдер үйінде. Тәртіп сақшаларымен бірге жүргізілген рейд барысында есепте тұрған азаматшаны үйінен таппадық.  

Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін полиция қызметкерлері ішімдікке салынған, есірткіге еліккен азаматтарды жиі қадағалап отырады. Биыл аталмыш шаралар күшейтілген дейді тәртіп сақшылары. Өйткені осы мақсатта еліміздің барлық өңірінде бір айлық «Тұрмыс» атты жедел алдын алу шарасы басталып кеткен.

«Мәселен, былтыр бізде есепте 81 әл-ауқаты нашар отбасы тұрған болатын. Ал қазіргі уақытта оның саны азайды, яғни 74 жанұя. Бұл жүргізіліп жатқан алдын алу шаралардың нәтижесі десек болады. Адамдардың жағдайы түзеліп, ата-аналар өздеріне жауапкершілік алып, балаларына қарауды қолға алып жатыр», - деді Алмалы ауданы бойынша жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының орынбасары Рүстем ӘБДІҒАЛИЕВ.

Бұдан бөлек, Алмалы ауданының полиция қызметкерлері шартты түрде мезгілінен бостандыққа шыққан азаматтарды да тексеріп шықты. Қазірдің өзінде аудан бойынша абақтыдан шыққан 45 адам есепте тұр екен. Олардың 18-і пробация қызметі арқылы жұмысқа тұрғызылған. Ал жалпы қала бойынша «Тұрмыс» іс-шарасы аясында бұрын тұрмыстық зорлық қатынастарын жасаған 824 тұлғамен жұмыс жүргізіліпті. Оның 128-і қайта есепке алынып, 54 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов "Алматы" телеарнасы.