Туындының жарық көруіне 19 ғасырдың соңында өмір сүрген Қалнияз жыраудың эпостық дастаны арқау болған
Алматыда «Ер Қармыс» батырлық дастанының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Туындының жарық көруіне 19 ғасырдың соңында өмір сүрген Қалнияз жыраудың эпостық дастаны арқау болған. Онда елге жау шапқанын естіген 75 жастағы Ер Қармыстың ер-тоқымсыз, желең көйлекпен қарсыласты жеңген ерлігі баяндалады. Жоба авторы кітапты шығаруға екі жыл уақыт жұмсап, Маңғыстауда дастанның түпнұсқаларын іздеген. Қазіргі ақпараттық технологияларды пайдаланып дәстүр мен тарихи тәрбиені бала бойына кішкентайдан сіңіре білуіміз қажет, дейді ол.
«Заманға сай, суретпен әрлеп, балаға түсінетіндей етіп құрастырдық. Суреттеріне қарап, бала түсінеді оқығанда. Тарихты ұмытпау керекпіз ғой кім екенімізді. Мына ұланғайыр жер, Алтай мен Маңғыстауға дейінгі жерді алып қалған осы біздің батырлардың арқасы», – деді жоба авторы Сандуғаш Тағабергенова.
80 беттік кітаптың 10 мың данасы басылған. Эпостық шығарма қаладағы кітап дүкендерінің сөрелеріне қыркүйектің соңында түседі. Авторлары алдағы уақытта жыр-дастанның мультипликациялық нұсқасын жасауды да жоспарлап қойған. Олар мұндай бастамалар қазақ тіліндегі балалар аудиториясының сұранысын өтеп, таптырмас жобаға айналарына сенім білдірді.
«Әуезов ауданы әкімдігі тарапынан көмек көрсетілді. Болашақта да бұл кітаптың сатылуына, аудан дүкендерінде қойылуына атсалысамыз», – деді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Ренат Кенеев.