Алматының Алатау ауданында келесі жылы алып мешіт бой көтереді. Сондай-ақ, «Қарағайлы орман» ашылып, біршама аймақ демалыс орнына айналады. Жолдар жөнделіп, көбірек ойын алаңдары салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күмбезі күн көзімен таласқан алып мешіттің аумағы – 6 гектар. 20 мың шаршы метрді құрайтын құлшылық үйіне бір мезетте 7 мың адам сияды. Мұнда ең биігі 34 метрді құрайтын 7 күмбез пайда болады. Сондай-ақ, әр қайсысы 50 метр болатын 4 мұнара бөй көтереді.
Бұл көркіне көз тоймайтын сәулеті келіскен нысан Алматыдағы ең үлкен мешіт болмақ. Өйткені ғибадат ететін орын үш бөлікке бөлінген. Құлшылық жасайтын орында барлық жағдай жасалады. Алла үйінің алдында 3500 көлікке арналған тұрақ салынады. Ал игілік пен ізгілік тоғысқан құтты мекен 2021-ші жылы қолданысқа беріледі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыс барысымен танысып қайтты.
«Құрылыстың іргетасы қаланып, қабырғасы, күмбезі көтеріліп жатыр. Жоспар бойынша 1,5 айдың ішінде ішкі жұмыстарға кірісеміз. Құбырларды кіргізу, су, жылу беру секілді мәселелер ғана қалды. Ағаш егу, көгалдандыру,сквер, жарық орнату – бәрі жоспарда жасалады», – деді құрылыс компаниясының бас директоры Ерлан ҚАЛҚАБАЕВ.
Сондай-ақ, ауданда тұрғын үй кешенін тұрғызу қарқынды жүргізіліп жатыр. Баспаналар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынуда. 2017 жылы 130 мың шаршы метрі қолданысқа берілсе, енді 313 мың шаршы метр болатын 1396 пәтер бой көтереді. Халыққа қолжетімді үй салатын мекеме пәтерлерді «Самұрық қазына», «Қазыналық ипотекалық компаниясы»арқылы ипотекаға да береді.
«Қала әкімдігі бізге қаржылай қолдау көрсетті. Тұрғын үй кешеніне коммуникация тартуға және айналаны ретке келтіріп, абаттандыруға әрдайым қол ұшын созды. Атап айтқанда, халыққа қажетті су, жылу, кәріз, жарық сымдарын тартып берді. Сондай-ақ, біз мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында 320 орынға арналған балабақша саламыз. Ашылуы 2021 жылға жоспарланған», – деді құрылыс компаниясының бас архитекторы Али КУЛАЕВ.
Алатау ауданы – халқы көшпестей болған, жайлы әрі бар жағдай жасалған аудан болмақ. Қазір ел-жұртқа сол маңда қыдыруға болатындай жағдай жасалып жатыр. Мәселен, Алатау дәстүрлі театрының маңы жуық арада кешкілік серуендеуге болатын аумаққа айналады. Мұнда 11 мың шаршы аумақ гүлденеді. Биіктігі 3 метр болатын қазақтық ұлттық аспабы сипатындағы үш ескерткіш орнатылады.
«Жұмыспен қамту жол картасы» демекші мұнда да екі қолға бір күрек таппағандар бағдарлама арқылы нәпақа алып отыр. Соның бірі 26 жастағы жаңадан отбасын құрған Сапарбек Қалыбек.
«Үш ай жұмыссыз жүрдім. Жұмыспен қамту орталығына бардым. Сосын маған жұмыс шықты. Толағай -2050. Қолымнан келетін жұмыстар болған соң, осы жерге келдім. Жалпы жол жұмыстары екен. Жұмыс өзіме ұнайды», – деді қала тұрғыны Сапарбек ҚАЛЫБЕК.
«Момышұлынан бастап Рысқұлованың бойымен Оңғарсыноваға дейінгі абаттандыру жұмыстарымен айналысудамыз. 250 адамды жұмыспен қамту керек. Қазір 125 адамды жұмыспен қамтып отырмыз», – деді құрылыс компаниясы басшысының орынбасары Қанат НЫШАНОВ.
Ауданда инфрақұрылымды жақсарту да назардан тыс қалмаған. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев «Ұлжан» ықшам ауданындағы Жалайыр көшесіне де барды. Әкім жөнделетін 2 шақырым жолмен жүріп өтті. Жалпы Алатау ауданының 9 ықшамауданында 84 шақырымға жететін жаңа жол салынады. Ал ұзындығы 68 шақырым болатын 8 көшеге орташа жөндеу жүргізілмек.
«Жаңбыр жауғанда қиын. Су басып кетеді. Балаларға жүруге қиын. Машиналар су шашып кетеді. Қазір енді жол салып, жақсы болып қалдық. Балаларға өте жақсы. Қолайлы әрі жаяу жүргіншілерге арнап белгі қояйын деп жатыр», – деді қала тұрғыны Ләззат ӘМІРХАНОВА.
Ізін ала, қала әкімі қарағай орманына барды. Саябақтың жалпы аумағы 80 гектарды алып жатыр. Жобаны Алматы әкімдігі мен эко-белсенділер бірігіп қолға алған. Жасыл аймақтың ішінде балалар және спорт алаңдары салынады. Жасалған аймақ шілде айында ашылады. Әзірге жұмыс қарқынды жүріп жатыр екен.
«Біз қазір айналаны абаттандырумен айналысудамыз. Мұнда инженерлік желілер, су, жарық тартылған. Бұл жоба көпке аты мәлім «Баум бағына» ұқсайды. Еккен жасыл-желек жайқалған кезде өте әдемі жер болады. Екі жақта да ағаштар бар», – деді «Қарағайлы орман» жобасының менеджері Юрий КУКОШ.
Алатау ауданында "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы бойынша бас-аяғы 15 жоба жүзеге асады. Соның бірі – Қарасу шағын ауданында. Онда 4 мыңнан аса адам тұрады. Демалыс орнында балалар және воркаут алаңы, шағын амфитеатр пайда болады. Осылайша аудандағы мәселелер үш жылдық жоспар аясында кезең-кезеңімен толық шешіледі.
Жадыра Омаржан, Рамина Мирзалимова, Мұрат Тайжан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы