Тіл қорғаны: Жыл басынан бері 12 мыңнан аса көрнекі ақпаратта тілге байланысты заңбұзушылық анықталған

31.12.2020 03:00

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт миниистрлігінің тіл саясаты комитеті төрағасы Әділбек Қаба мәлімдеді.

Қазақстанда жыл басынан бері 12 мыңнан аса көрнекі ақпаратта тілге байланысты заңбұзушылық анықталған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт миниистрлігінің тіл саясаты комитеті төрағасы Әділбек Қаба мәлімдеді. Биыл қазақ тілінің ахуалына белсенді мониторингілеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде «Алматы» арнасынан көрермендерге жол тартқан «Тіл қорғаны» хабары да бар. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде биыл тағы қандай шаруалар атқарылды? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.

«Туған тілің – тірлік үшін, өзге тілің – бірлік үшін» демекші биыл елімізде мемлекеттің тілдің ахуалына ерекше ден қойылып, тіл мамандары белсенді жұмыстар атқарды. Қазақ тілінің қолданылу аясын зерделеу мақсатында Қазақстанның әр өңірінен мониторингілеу топтары құрылып, тіл жанашырлары мен өзге ұлт өкілдері де белсенділік танытты. Мәселен, әлеуметтік желілерде тілге қатысты түйткілді мәселелер қордаланып, арнайы парақшалар да жасақталды. Осылай ауызбіршілікте жасалған жұмыстың нәтижиесінде бірталай олқылықтарды түзеуге мүмкіндік туған.

«Жыл басынан бері 12488 көрнекі ақпараттағы осындай қателіктер мен заңбұзушылықтар анықталыпты. Солардың 8123-і қалпына келтіріліп, түзетілді. Сондай-ақ, «Тіл қорғаны» апталық бағдарламасы ашылды. Осы бағдарлама ашылғалы бері соңғы 2-3 айдың көлемінде жұмыстар жақсы жүріп жатыр», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитетінің төрағасы  Әділбек Қаба.

Ал, мегаполистегі қазақ тілінің ахуалын көрермендерге жеткізіп, тілдік құндылықты халыққа дәріптеу мақсатында «Алматы» арнасынан «Тіл қорғаны» хабары эфирге шыққан болатын. Түсірілім барысында шаһардағы түрлі кәсіптік нысандардағы қазақ тілінің жағдайын мониторингілеу нәтижесінде Алматыда 40-тан аса ірі кәсіп иелеріне ескерту жасалды. Осы тұста, Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба тілдік түйткілдерді шешуде бірқатар ұсыныстар айтты.

«Қазақ тілді балабақшаларды көбейту керек. Бұл – бір. Екінші мәселе – мультфильм түсіретін компаниялардың барлығын шақырып, үлкен жиын өткіздік. Сөйтіп, бәрін анықтай келе олардың елімізде ұлттық мультфильмдер түсіруде қиындық көп кездесетіні белгілі болды. Соның төңірегінде біз арнайы қарар қабылдап, қазір үкіметке, тағы да құзырлы органдарға жібердік», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.

Жалпы, еліміздің барлық аймағында жасалған мониторингілеу жұмыстары барысында қате жазылған және Тіл туралы заңда көрсетілген талаптар бұзылған көрнекі ақпараттар мен жарнамалардағы олқылықтар түзеле бастаған. Сондай-ақ, жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Көбісі заңды біле бермейді. Осы жағынан кейбір жерде ғимараттың ішінен мекемені жалға алып жатады. Сол кезде келісімшарт болады. Сол келісімшартта талаптар қойылса, олар білетін еді. Біз барып түсіндіріп жатқанда, кейбіреулері ауыстырып жатты. Сондықтан бір жағынан бұл олардың құқықтық сауатсыздығы делік. Екінші жағынан кәсіпкер тек пайда табуды ғана көздейді», – деді заңгер Мейрман Шекеев.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік тілді оқытуға бағытталған жүзге жуық орталық жұмыс істеуде. Одан бөлек, қазақ тілін оқытуға арналған 40-тан аса әдістемелік оқулықтар да жарық көріпті. Ал, 2021 жылы 25 электронды платформалық алаң іске қосылмақ.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы