Ұлттық мүдде жолында: қаламгер Сұлтан Оразалинның өнегелі ғұмыры

Сурет: ortalyq.kz
Сурет: ortalyq.kz
300-ге тарта драмалық сценарий мен шоқтығы биік бағдарламалары азаматтың абыройлы еңбегінің көрінісіндей боп қала бермек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сұлтан Оразалин. Қаршадайынан қазақ телевизиясына еңбек еткен есім бұл. «Не істесем де, ұлттық мүдде жолында тер төктім», деген қаламгер келместің сапарына аттанды. Ал, оның артында қалған ондаған телеочерк, 300-ге тарта драмалық сценарий мен шоқтығы биік бағдарламалары азаматтың абыройлы еңбегінің көрінісіндей боп қала бермек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақ телевизиясы 1958 жылдың наурызында алғаш хабар таратты десек, Сұлтан Оразалы бұл салаға 1960 жылдардың бел ортасында келді. Жай келген жоқ, 22 жасар жас буын тың идея, айрықша ойымен ортаға сіңді. Бүгінгінің тілімен айтсақ, алғашқы продюсерлердің бірі болды. Ал оның ұлттың ұлы құндылығы саналатын «Айтыс» хабарын тұңғыш рет экранға шығарып, халықты бекзат өнермен сусындатқаны қазақ телевизиясының ғана емес, ел тарихының елеулі кезеңі боп қалды.

«Бұл кісі өте зиялы да шешен адам еді. Оразалин дегенде тұңғыш деген сөздің өзі қатар айтылады. Мысалы, қазақ телевизиясында тұңғыш әдеби-драмалық хабарлар редакциясы ашылды да, оған ұйытқы болған да осы кісі. Жолға қойып, 15 жылдай өзі басқарды», – деді журналист Қали Сәрсенбай.

Отандық телевизияның өркендеуіне жарты ғасырын сарп етіп, одан кейінгі 20-25 жылын мемлекеттік жүйеде өткізген қайраткер қай қызметте жүрсе де салт-дәстүрді, тіл мен ділді дәріптеуді мақсат етті. «Қымызхана», «Сұқбат», «Алтыбақан». Бұл – автордың қазақ тележурналистикасының қайнар бастауына қалдырған бірегей туындылары. Одан бөлек, Сұлтан Шәріпұлының тіл комитетінде жүріп, әкімшілік орындар мен мектеп-балабақшаларды қазақшаландыру ісіне, азаматтардың аты мен тегін ұлттық үлгіге бейімдеу жұмыстарына белсене араласқаны мәлім.

«Сұлтан Оразалин республикалық «Тіл комитетінің» төрағасы болып тұрған кезінде қазақ тілі мемлекеттік тіл, жеке тіл болып алғаш рет жазылды. Оның өзге міндеттерімен қосқанда Конституцияның, қабылданатын Заңдардың бірінші нұсқасы қазақ тілінде жазылуы керек деп ереже бекітілді», – деді жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай.

Қайраткердің ағасы Кәмен Оразалин де қолға қалам алған дарынды жазушы еді. Бір сөзінде Сұлтан Шәріпұлы: «Жазушылықты аңсап өстім. Ал, журналистикаға тосыннан келдім», – дейді. Әуезовпен кездесіп, тағдырлық таңдауы түбегейлі өзгерген қаламгер қалай болғанда да өзі жүрген салада өзгеше соқпақ салып кетті...

Новости партнеров