Қазақта қасқырға түсетін тазылар сиреп кеткен. Алматыда аңшы иттер арасында өткен сайыста бір де бір тазы қасқырға шаба алмады. Аңшылар аталған байқауға 70-тен астам құмай әкеліпті. Олардың көрмесінде Almaty.tv тілшісі де болып қайтқан еді.
Апта сайын аңға шықпаса ауа жетпегендей тынысы тартылатын, тазыларды топ-тобымен ертіп жүретін жігіттің бірі – Сұлтан. Бақанастың құмында, сексеуілдің ішінде салт атпен серуен құруды серік қылған жігіт те бұл сайыста тазыларын сынап көрді.
«Тазыларым тоғыз қасқырға түсті. Түлкінің еш пайдасы жоқ болғаннан кейін оны алмаймыз. Тек қызық үшін қудырамыз. Көбіне өзі етін жейтін аңға ғана саламыз ғой», - дейді аңшы Сұлтан ӘБДІРАЙЫМОВ.
Жеті тазысын жетектеген Сұлтанның айтуынша, азулы аңдарға түсетін тазыға сүйек беруге болмайды. Тісі мүжіледі екен. Ал адамға жүгірген итті тазы деп тануға болмайды.
Сайысты ұйымдастырушылар иттің сыртаны саналған тазыларды сынауға бұл жолы тірі қасқыр әкеліпті. Алайда, тазылардың көбі көкжалдың бір жылдық күшігіне бата алмады. Жеке арпалыспақ түгілі жабылып жүріп те тісін ақситқан қасқырға қарымды күш көрсете алған жоқ. Қолдағы тазылар тек түлкі мен қоянға ғана қауқарлы. Арланды қойып, бөлтірікке қарсы шыға алмаған тазылардың бұл жігерсіздігін сыншылар аңның аздығынан, тұқымның тұралауынан деп деп түсіндірді.
Қазақстан кинологтар одағының мүшесі Айбол Алпысбай тазыны патентті әліге дейін ала алмай келе жатқанымызды айтып мәселе көтерді.
«Әр тұқымда өз стандарты бол, сол стандарттарын тексереді, сыртқы пішінін қарайды, тазалығына мән береді, әбден зерттеп болған соң ғана патент беруі мүмкін. Әлемде кей елдер он шақты тұқымын өздеріне тіркеп алып жатыр, біз ең болмаса бір-екі итті патенттей алмасақ несіне қазақ боп жүрміз?!», - деп ашынды А.АЛПЫСБАЙ.
Көрмеге алыс-жақыннан 70 шақты тазы келген. Қазылар олардың аңшылық сипатын анықтамас бұрын дене бітімінінің үйлесімдігін, мүсіні мен сымбатын, қимыл қозғалысын назарға алды. Күші көп тазының төсі кең десе, кеудесі биік біткендердің тынысы тарылмай, ұзаққа жүгіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолғы көрмеде тазылар тек сыналып қана қоймай, тұқымы, жасы мен жынысы да қағазға түсіп, құжатталады.
«Біз тазының қазаққа тиесілі тұқымын өзімізге меншіктегіміз келсе асығуымыз керек. Ресейліктердің әрбір тазысында құжат бар. Чип салынған. Бірақ олар тазы тұқымының қазақ жерінен шыққанын біледі, сондықтан бізге хабарламай халықаралық ұйым арқылы патенттейді дегенге сене бермеймін. Елдегі тазыларды стандартқа сай құжаттамай оны рухани мұрамыз деп халықаралық деңгейде мойындату деген бос қиял», - дейді Қазақстан кинологтар қауымдастығының президенті Светлана ХУДАЙКУЛОВА.
Кинологтар қауымдастығы басшысының айтуынша елімізде шамамен 10 мыңнан астам тазы бар. Бірақ олардың генетикалық түрін, тұқымын анықтауға, құжаттандыруға кемі 7-8 жыл керек. Тазылардың түгелге жуығында құжат жоқ. Ал, халықаралық ұйымға қазақтың тазысын төл мұра етіп патенттеу үшін адымен кемі 5 мың тазыны стандарт бойынша құжаттандыру керек.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы