Елордада азық-түлік пен күнделікті өмірге қажетті тауарлардың бағасы қымбат

09.10.2019 03:03

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Астана ЛРТ жобасын күмәнді деп атады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны айтты. Бұдан бөлек, Президент үлескерлердің мәселесі шешілмегенін алға тартып, шаһардағы құрылыс қарқынының бәсенсігенін де қатты сынға алды. Сарыарқа газ құбырының жұмысы мен Астана-LRT жобаларына күмәнмен қарайтынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіндегі отырыс басталмай жатып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиналыста шенеуніктердің отырған отырысын сынға алды. Жиын барысында да атқамінерлердің мүлдем үйлесімсіз креативпен отырғызылғанын тағы бірнеше мәрте айтып өтті.  

«Ауқымды жоспар қоямыз, баяндама жасай білеміз. Жиналыстарды аса үлкен креативпен ұйымдастырамыз. Бүгінгі залға қараңыздаршы. Қандай әсем, алайда отырғызу келеңсіз. Баяндамашылар атқарушыларға теріс қарап айтады. Баяндамашы нәзік жанды болса жақсы. Ер адам болса, сұмдық. Осының бәрінен айырылу керекпіз. Қайдағы жылтырақты ойламай, нақты істер жасау қажетпіз», - деді ҚР Президенті Қасым Жомарт ТОҚАЕВ.

Президент соңғы 10 жылда алғаш рет елордаға тартылған инвестиция көлемі азайғанын айтып сынады. Сыртқы істер министрлігі мен қала әкімдігіне бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, таяу уақытта нақты нәтижелер көрсетуді қадап тапсырды. Бұдан бөлек, шаһардағы құрылыс қарқынының бәсеңсігенін алға тартып, өзекті проблеманы тездетіп шешу керектігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлі күнге дейін шешімін таппай жүрген үлескерлер мәселесіне де ерекше тоқталды. Қазір қалада 49 проблемалы нысан бар. Өз пәтерлерін 13 жарым мың үлескер күтіп жүр. Алайда, түйткілдің түйінін тарқату үшін бөлінген 40 млрд теңгенің тек 4 жарымы ғана игеріліпті. Соған қарамастан әкімдік тағы қосымша 170 млрд теңгені сұрап отыр, - деді Президент.

«Әр үй бойынша жол картасы қабылданды. Олардың басым бөлігінде жоба-сметалық құжаттамасы болмаған. Тұрғындарды алдап кетіп, сотталған көптеген алаяқтар құжаттарды жоғалтқан немесе бермей қойған. Сондықтан жаз бойы біз құжаттарды әзірлеумен айналыстық. Қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен және біздің орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Әр үй бойынша нақты жоспар бар. Сіздің тапсырмаларыңызды орындаймыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.

Елордада азық-түліктің бағасы тым қымбат екені де айтылды. Бұл ұйымдастырушылардың үнемі белгілі бір саудагерлерге ғана мүміндік беруінен деп алға тартты Мемлекет басшысы.

Айтуынша, шаһарда бәріне бірдей жағдай жасалмай отыр.

«Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік және күнделікті өмірге қажетті тауарлардың бағасы қымбат екенін айту керек. Бұл белгілі мәселе. Мысалы, ұн бағасы елдегі орташа бағадан 18,2 пайызға, сүзбе 17 пайызға, пияз 14,5 пайызға, күнбағыс майы 9,6, сиыр еті 6,7 пайызға жоғары. Бұл қалада тиісті инфрақұрылым және азық-түлік белдеуі орнықпаған деген сөз. Сауда орындары тапшы», - деді Қасым Жомарт ТОҚАЕВ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Астана ЛРТ жобасын күмәнді деп атады. Осы ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне тергеуді жандандыруды тапсырды. Бұл мәселе май шаммен қаралу керек деді.  

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының сыртқы келбетін де сынға алды. Бірыңғай қала құрылысы саясаты жоқтығын алға тартты. Елордамызды Осло, Оттава, Монреаль қалаларымен салыстырды. Шаһарды күтіп-бақпайтыны көрінеді. Плиталар ұшып, асфальт опырылып жатқанын, алыстан әсем көрінген зәулім ғимараттардың шаршаған күйін атады. Осы ретте қала аудандарының әкімдері кабинетте қамалып отырмай, жаяу жүріп, әр ғимараттың, әр нысанның жағдайын, сол ғимараттарда тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігін білуі тиіс деп жеткізді Президент.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы