Рейд: Алматыда карантин талаптарын бұзғандар анықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жөнелтілетін болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Карантин жарияланған Алматыда халыққа қызмет көрсететін барлық орындар уақытша жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Енді асхана, кафе мен мейрамханалар келушілерді қабылдамайды. Кәсібі күйремес үшін тамақты үйге тасуға рұқсат берілген. Десе де заңға құлақ аспайтындары да табылды.

Қойылған шектеуге құлақ аспайтындар полицейлер өткізген рейд кезінде анықталды. Бір тәулік ішінде 100-ден аса көңіл көтеретін орын жіті тексерілді. Нәтижесінде үш нысан жұмысын тоқтатпай, ашық тұрғаны бегілі болды. Тек келушілерді құшақ жая қарсы алған олар тәртіп сақшыларын күтпеген сыңайлы. Кәсіп иелері мұндай қадамға шығынға батқымыз келмегендіктен бардық дейді. Ал Полиция департаменті ортақ ережеге бағынбағандарды тезге салатын заң бар деп отыр.

«Үшеуінің әкімшісіне қатысты әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жөнелтілетін болады. Бұл бап бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл көзделген немесе 15 тәулікке әкімшілік қамау көзделген. Егер бір жылдың ішінде бұндай құқықбұзушылықтар қайталанатын болса, онда айыппұлдың мөлшері 15 айлық есеп көрсеткішіне дейін үлкейеді. Әкімшілік қамау 20 тәулікке дейін тиесілі болады», – деді  қалалық ПД  ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Алматы әкімдігі жиі брифинг өткізіп, ережені тәптіштеп түсіндіріп жатыр. Басты мақсат – қауіпті індетті ауыздықтау үшін азаматтардың халық көп жиналатын орындарға баруын шектеу. Дүйім елдің бас амандығы маңызды деген билік басындағылар сән салондары мен тамақтану орындарының қалай жұмыс істеу керектігін тағы бір мәрте түсіндірді.

«Қызмет көрсету салалары бойынша шектеу қойылған. Оған айта кететін болсақ, сән салондары, фитнес, СПА, басқа да бассейн сияқты қызмет көрсету орталықтарының жұмысына шектеу қойылып отыр. Олардың Алматы қаласы бойынша карантин режимі аясында біз олардың жұмысын тоқтатуға шешім қабылданды. Мейрамханалар, асханалардың жұмысына шектеу қойылды. Клиент тағамды алып кетуге немесе үйіне апарып беру жағын қолданса болады»,  – деді қала әкімінің орынбасары Cапарбек ТҰЯҚБАЕВ.

Карантин кезінде қала билігі халықты көшеге тек қажеттілік туғанда ғана шығуын сұрайды. Ал қалған уақытта барынша үйде отырып, тазалақ сақтағаны абзал.  

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, "Алматы" телеарнасы


Новости партнеров