Қала экологтары Алматы ауасының ластануына автокөліктерді айыптап отыр

06.02.2020 03:04

Олардың айтуынша, автокөліктерден бөлінетін улы газ үлесі 65 пайызға, ал ЖЭС-тен шығатыны 27 пайызды құрайды екен

Almaty.tv

Экология мәселесі – алматылықтарды алаңдататын басты мәселенің бірі. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде жазба қалдырып, экологияға алаңдағандардың саны артқан. Солардың бірі отандық заңгер Ержан Есімханов өзінің парақшасында «3 ақпан күні Алматы ауасы қалыпты жағдайдан 12 есеге артып кеткен» деп мәлімдеген. Оның келтірген сандары қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Бұған эколог-мамандар не дейді? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі  жалғастырсын.

Осыдан бірер күн бұрын бір топ табиғат жанашыры «қала ауасы ластанып барады» деп дабыл қаққан еді. Белсенділерді қолдағандардың саны 1000-нан асқан. Олардың айтуынша, қала экологиясының бұзылуына басты себеп  - жылу электр станциялары. Талаптары біреу ғана.

«Біздің талап етіп отырғанымыз бір-ақ нәрсе. Біріншіден, тәуелсіз сарапшылардың жылу электр станцияларына тексеру жүргізуін сұраймыз. Жыл сайын қаламыз өсіп, оған қоса халықтың да саны артып келеді», - деді қоғамдық қордың жетекшісі Әсия ТҮЛЕСОВА.

Экологияға жауапты мамандардың сөзінше, ауаның ластануына жылу электр станциялары негізгі себеп бола алмайды. Басымдық авто көліктерден бөлінетін улы заттардың салдарынан екен. Белсенділердің келтірген дерегі жалған. Ауаның қалыпты нормадан аспағанын кез-келген уақытты дәлелдеп беруге дайынбыз дейді.

«Қала бойынша қауіп төндіріп отырған негізгі факторлардың бірі – автокөліктерден бөлінетін газ. Содан кейін жылу электр станцияларының да үлесі бар. Ал, экология белсенділерінің келтірген сандары шындыққа сәйкес келмейді. Себебі, біздің мамандар қала ауасын үнемі бақылап отырады. Экологияны қалпына келтірудің негізгі жұмысы - қаланы жасыл-желекке айналдыру. Біздің жұмысымыздың қазіргі басты бағыты да осы», - деді қалалық Жасыл экономика басқарма басшысының орынбасары Айдын ТЕМЕШЕВ.

«Казгидромет» мамандары мұндай көрсеткіштер қалыпты жағдай дейді. Тек әдеттегіден 10 есе артық болғанда ғана алаңдауға болады. Ең жоғары көрсеткіш Алатау мен Түркісіб аудандарында тіркеліпті. Оның өзі 4-5 еседен аспайды.  

«Алматы қаласының басқа да аудандарында ластану байқалды. Олардың ластану деңгейі 1 және 2,5 есе жоғары болғанын көрсетеді», - дейді «Қазгидромет» РМК Алматы филиалының бөлім басшысы Жанар МАХМЕТОВА.  

Қала экологтарының мәліметінше, автокөліктерден бөлінетін улы газдардың үлесі 65 пайызға, ЖЭС-тен шығатын зиянды заттардың мөлшері 27 пайызды құрайды. Ал, табиғат жанашырлары бұл дерекке келіспей, тыңғылықты зерттеу жүргізуді талап етіп отыр.

Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков  «Алматы» телеарнасы