Арнаулы әскери жиынға әйелдер шақырыла ма? Бұл сауалға еліміздің Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президенттің жарлығымен арнайы жиынға шақыртылған әскери міндеттілер Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында және бірқатар өңірде қызметтеріне кірісіп кеткен. Олар блок-бекеттердегі жұмысқа, санитарлық-эпидемиологиялық өңдеу шараларына, жедел штабтардың жұмысына тартылуда. Әскери міндеттілерді шақыру Ақтөбе мен Атырау облысында әлі жалғасып жатыр. Ал жиындар Шымкент пен Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл, Түркістан облысында 13-17 сәуір аралығында ашыла бастайды. Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облысында арнайы жиын жүргізу мәселесі әлі де шешілмеді.
«Шақыртуға жергілікті органдарға өз еркімен 2372 жас келген. Әскери міндеттілердің орташа жасы 27,5 жылды құрайды. Шақыртылғандардың 34 пайызы жұмыспен қамтылды. Жалақысына келер болсақ, орташа еңбекақы 82 мың теңгені құрап отыр», – деді ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік БОРАНБАЕВ.
Жалақылар әр өңірде әртүрлі. Мәселен, Алматы облысында 121 мың теңге болса, Нұр-Сұлтанда 188 мың, Қызылорда облысында 103 мың теңгенің көлемінде. Павлодар облысында 87 мың теңге болса, Ақмола облысында 51 мың теңге шамасында. Бұл төлемдер әскери міндеттілерге әр айдың 10- жұлдызына дейін жүргізіледі. Егер де қандай да бір мейрамға тұспа-тұс келсе, ертерек беріледі. Брифингте мәлім болғаны, төтенше жағдайда қарулы күштердің қатарын толықтырғандарға әскери атақтар беріледі. Сәйкесінше қолбасшылық, қолдаухатпен және әскери басқарудың жергілікті органдарының шешімімен қабылданады. Серік Боранбаев әскери міндеттілердің арнайы жиынына әйел адамдар шақыртыла ма деген сауалға да жауап берді.
«Бұл жағдайда алда тұрған міндеттерге байланысты әкімдіктер өзі шешім қабылдайды. Менің ойымша, нәзік жандыларға қатысты ешқандай шектеу жоқ. Әкімдіктерге айрықша құзірет пен шешім қабылдау құқығы берілген. Егер сәйкес мамандықтар бойынша қыздар қажет болса, әлбетте шақыру жібере алады», – деді ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік БОРАНБАЕВ.