Алматыдағы «Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері мемлекет тарапынан тағайындалатын жәрдемақыға зәру. Балдырған күннен тағдырдан теперіш көрген ағайындылар 10 жыл бойы патронаттық тәрбиеде де болған екен. Дегенмен асыраушыларымен тіл табыса алмаған соң, мекемеге қайта оралған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Алексей және Алеся Парфеновалар 11 жыл бойы ата-анасының қарауынсыз қалған. Мекеме басшылары екі баланың анасына сұрау салып, іздеп те көрген. Қолда бар мәлімет тек 2009 жылмен тоқтап тұр. Яғни, ол жылы Паренова Наталья дүкенге шығып, қайта оралмаған. Балаларынан бас тартқан ана туралы одан басқа хабар жоқ.
Алексей мен Алеся оқуда үздік, үнемі үйренуге құлшынып тұрады. Өздері тәрбиеленіп жатқан мекемені де жақсы көреді. Медициналық комиссия екі баланың да ой-санасы, денсаулығы қалыпты деңгейде екенін растайды. Қазір Алексей 14 жаста, ал Алеся 16-ға толады.
«Қыз өте тәртіпті, жуас. Кейде жылап отырады, содан кейін сұрайсың. Бізде психологиялық... бар. Сұрап жатқан кезде «Сағынасың ба? Іздейсің бе?» десем, «Көрген жоқпын, бірақ сағынам. Басқалардың мамалары бар», дейді. Мен оларға мама да сияқтымын, бірде аты-жөнімді айтады, бірде мама дейді, сырласқан кезімізде», – деді Алеся Парфенованың тәрбиешісі Индира Тоқтыбаева.
«Бала өте ұқыпты, қамқор, бауырмал. Үйірмелерге барғанды, тіл үйренгенді жақсы көреді. Дизайн курсын таңдап оқыды. Пысықтығы бар, бәріне үлгереді», – деді Алексей Парфеновтың тәрбиешісі Светлана Алимова.
2009 жылдың қазанында арнайы кешенге табысталған балаларды 1 жыл өткен соң патронаттық тәрбиешілер бағып алған. Арада 10 жыл өткенде заңдық тұрғыда іс қозғалып, балалар мекемеге қайта оралады. Айтуынша, оларға «Жанұя» ыстық, осында болғысы келеді. Ал асыраушы отбасыдан неге қайтып келгенін былай деп түсіндірді...
«9 жыл бірге тұрдық. Болмашы дүниелер үшін ұрыс шығатын. Алғашында жақсы араласатынбыз, кейіннен мен де өстім, ортақ тіл таба алмадық. Үйден қашып кеткен кездерім де болды. Маған осында болған ұнайды. Бауырлар екі жақта қалуға болмайтындықтан, мен патронаттық тәрбиешіден кеткенде, інімді де бірге қайтарды», – деді «Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушісі Алеся Парфенова.
«Хоббиім – алгебра және дене шынықтыру. Әпкеммен кейде сөзге келіп қаламыз, бірақ бірден татуласып аламыз. Ал тәрбиешілеріммен бәрі дұрыс, жақсы араласамын», – деді «Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушісі Алексей Парфенов.
Мекеме мамандары екі баланың тағдырына алаңдаулы. Ендігіде оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек тағайындалса дейді. Аталған мәселенің шешімін табу үшін тиісті орындарға арыз да жолданған.
«Қазіргі кезде осы екі баланың құжаттары Медеу аудандық сотында. Егер де Медеу аудандық сотының шешімімен ҚР Азаматтық кодексінің 28-бабына сәйкес, ата-анасының хабар ошарсыз жоғалуы туралы шешім шығарып берсе, бұл балаларға қосымша жәрдемақы болады», – деді «Жанұя» мамандандырылған кешенінің әлеуметтік педагогі Сүбітай Арапов.
Бүгінгі таңда «Жанұя» мамандандырылған кешенінде 78 тәрбиеленуші бар. Олардың 28-і ата-аналық құқығынан айырылған отбасыдан келсе, 17-сі жетім. Мұндағы әр бала арнайы тексеруден өтіп, оларға диагноз қойылады.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы