Жаяу жүргіншілер жолы бар, бірақ көліктер тоқтамайды: жауаптылар не дейді

14.08.2021 03:06

Осылай деп шағымданған Алатау ауданының халқы жауаптылардан бұл мәселені шешіп беруді сұрайды

Жүргіншілер жолы бар, бірақ көліктер тоқтамайды. Осылай деп шағымданған Алатау ауданының халқы жауаптылардан бұл мәселені шешіп беруді сұрайды. Жүргізушілердің жүргіншілер жолын елемейтіні былай тұрсын, мұндағы көшеде орнатылған жол белгілері өсіп кеткен ағаш бұтақтарынан мүлде көрінбейді екен. Соның салдарынан былтыр тіпті ана мен баланы қағып кету дерегі де тіркелгенін айтады тұрғындар. Бұл түйткіл қалай шешілмек? Жауаптылар не дейді? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тақатады.

Шаңырақ-2 шағын ауданындағы Жанқожа батыр көшесіндегі мына бір жерден жанымызды шүберекке түйіп, машина қағып кете ме деген үреймен өтеміз дейді тұрғындар. Мұнда орналасқан балабақшаға жету үшін қатты жылдамдықпен жүйткіп өткен көліктердің азайғанын күтіп барып бірақ өтетінін айтады. Өйткені мұндағы жүргіншілер жолын ешкім ескеріп, елемейтін көрінеді.

«Балабақша бар мына жерде, күнде апарып, алып келеміз. Тоқтамайды көліктер. Балаларымыз үшін қорқамыз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Әйгерім Ибрагимова.

«Былтыр осы жолда үлкен жылдамдықпен келе жатқан машина тежегішін баса алмай, баласымен кетіп бара жатқан ата-ананы қағып кетті. Ол – бір. Екіншіден, ағаштың жапырақтары кесілмегендіктен, жарық бар, бірақ белгі көрінбейді. Ағаштар өсіп кеткен», – деді Алатау ауданының тұрғыны Қымбат Қарабалаева.

Мұндай проблеманың барын естіген қалалық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, полиция департаменті мен Алатау аудандық әкімдігі шұғыл түрде орынға шығып, мәселенің мән-жайын анықтады. Тұрғындар сұраған жылдамдық бәсеңдеткіштерін бұл көшеде орнату мүмкін болмай шықты. Себебі Жанқожа батыр көшесі орталық жол болғандықтан, мұнда көлік ағыны көп. Сол себепті жылдамдық бәсеңдеткіштерін қою мемлекеттік стандартқа сай келмейді екен. Дегенмен жиналғандар бұл көшедегі көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымға дейін шектеуді ұсынды. Екі апта ішінде түйткіл шешіледі деп сендірді.

«Алатау ауданы тұрғындарының шағымынан кейін полиция департаментімен бірге, Алматы қалалық Мобилділік басқармасымен бірігіп, осы жерге келіп, мамандармен зерттеу өткіздік. Зерттеу нәтижесінде осы жерде орнатылған зебраны жаңартамыз, сары аласын сызамыз, жаяу жүргінші белгісін ауыстырып, көрінетіндей етіп жасаймыз деген шешімге келдік», – деді қалалық ПД ӘПБ жол және техникалық инспекция бөлімінің инспекторы Бақыт Молдабек.

Ал, жол белгілерін жауып қалған талдардың бұтақтары бүгін кесіледі. Мұны Алатау ауданы әкімдігі өз бақылауына алмақ.

«Тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, қалалық мәслихат депутаттары бар, қалалық полиция департаментінің мамандарымен орынға келіп, бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Бұл жерде жол белгілерін ағаш жауып қалған, өсіп кеткен. Оның бәрін бүгін ағаштарын кесіп, қалапына келтіреді. Тұрғындардың өтініші қанағаттандырылатын болады», – деді Алатау ауданы әкімі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ертіс Бесіров.  

Осылайша, №164 балабақшаның жанында жиі болатын жол-көлік оқиғаларына және жылдамдық режимін сақтамауға қатысты көшпелі отырыс ортақ шешімге келді. Дегенмен алдағы уақытта да бұл жағдайды бақылауда ұстамақ.  

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы