Биыл елімізде әлеуметтік маңызы бар тауар бағасы 10 пайызға өсті

01.06.2023 03:06

Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары дүкендерге рейд жүргізді

Иллюстративное фото

Елімізде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауар бағасы 10 пайызға өскен. Әсіресе, ет пен қант, пияз және сүт өнімдерінде қымбатшылық байқалады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Баға тұрақтылығын бақылау мақсатында Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары дүкендерге рейд жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сауда қызметін реттеу туралы заңға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосылатын үстеме 15 пайыздан аспауы керек. Ал Жетісу ауданында орналасқан дүкенде азық-түліктің кейбір түрлеріне 20-25 пайызға дейін ақы қосылатыны белгілі болды. Сауда орнының иесі заңды білмеймін деп ақталды. Тауар бағасын тексеруге келген мамандар бірден айыппұл салмай, алдымен ескерту жасады.  

Ал келесі дүкен иесі қымбатшылықтың себебін тауар жеткізушілерімен байланыстырды. Айтуынша, баға күн сайын құбылады. Қымбатқа алған соң, қымбатқа сатуға мәжбүр.  

– Біз жалға төлейміз. Сатушылардың жалақысы бар, процент қосамыз. Тауар жеткізушілер қымбаттатқан соң, амал жоқ, біз де көтереміз. Олар бағаны төмен түсірсе, дүкен де түсіреді, – деді  дүкен иесі Ерлан Әбдікерімов.

Бағаны негізсіз көтергендер жазаланады. Ол үшін айыппұлдың көлемі де артқан.

– Алдымен дүкен иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы жадынамалар қалдырамыз. Ол ескертуді елемей, пайда көргісі келетін кәсіп иелері де кездеседі. Мұндай заңбұзушылықтарға айыппұл қарастырылған. Оның көлемі 10 айлық есептік көрсеткіштен 300-ге дейін барады. Бұл 500-900 мың теңгенің аралығындағы сома, – деді  «Атамекен» ҰКП Жетісу аудандық филиалының директоры Нұрбике Рақымова.  

Мәселен, қаладағы дүкендердің басым көпшілігінде әлеуметтік тауарлардың бұрышы орналасқан. Мұнда тұрақтандыру қорынан және отандық тауар өндірушілерден төмен бағада өнімдер жеткізіледі. Десе де тұрғындар «азық-түлік бағасы ырыққа көнбей барады» дейді.

– Баға көтерілді ғой, Ет, сүт, май қымбат, – деді қала тұрғыны Роза Әкімбекова.

– Азық-түліктің бағасы қалтаға салмақ түсіреді. Қиын, әрине. Көп жағдайда үй іргесіндегі дүкеннен емес, базардан алуға тырысамыз, – деді қала тұрғыны Лада Ким.

Ал қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары азық-түлік құнының өсімін маусымдық кезеңмен байланыстырып отыр. Жаз айларында көкөніс пен жеміс-жидек қай өңірде болмасын сұранысқа ие. Бұл ретте жауаптылар бағаны тұрақтандыру үшін түрлі іс-шара мен ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қойған. Мегаполиске азық-түлік тасымалдайтын өңірлер арасында Түркістан мен Жамбыл облыстары бар. Сондай-ақ көрші Өзбекстаннан да тауар тасимыз.

Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы