Халықаралық қарттар күнінде №3 арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығында мерекелік шара өтті

02.10.2019 03:09

Бүгінде мұнда 300-ге жуық қария тұрып жатыр

«Қарты бар үйдің қазынасы бар». Қазақ қашанда ақсақалына төрінен орын беріп, ардақтаған ұлт. Шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуге ақылын айтар елі мен жерінің кеңесшісі. Бүгінде алматылық қарттар белсенді өмір сүруге білек сыбана кіріскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бос уақыттарында спортпен шұғылданып, денсаулықтарына да көп көңіл бөлуді ұмытпайды. Сондай-ақ, қалада қарияларға арналған бірнеше орталықтар жұмыс істеуде.

Баапаш Аманжанұлы жасы 70 асса да бильярд таяғын бір сәт жанынан тастаған емес. Қолы қалт етсе, достарының басын қосып, бильярд ойнағанды ұнатады. Қарттар үйінде тұрып жатқанына 4 жылдан асқан. Сөзінше, өз еркімен келген. Бүгінде жағдайым жақсы, көңілім тоқ дейді.          

"Біз жұмыс істеп жүргенде «біз осы қашан демаламыз?» деп ойлайтынбыз. Кейде тіпті демалу үшін өтірік ауырып, ауруханаға жатып қалатынбыз. Ал, бұл жерде біз 4 жылдан бері жатырмыз. Ешқандай жұмыс та жоқ", - дейді Балапаш СЫЗДЫҚБЕКОВ.

Бүгінде мұнда 300-ге жуық қария тұрып жатыр. Ардагерлер үйінде белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Ондағылар ақыл ойдың жұмысын жақсартатын ойындар ойнап қана қоймай, жаттығу залында салауатты өмір салтын ұстанады. Сондай-ақ, орталық қалалық әкімдікпен бірлесе отырып көлемді жобаны қолға алған

«Алматы қаласының Спорт басқармасының қолдауымен аптасына 3 рет сабақ өтіп тұрады. Ол скандинавтық жүріп-тұру әдісі. Оған Алматы қаласы, Әуезов ауданының тұрғындары болсын қатысып, өздерінің денсаулықтарына үлкен ықпалын тигізіп жатыр. Қартайған кездерде егде тартқан адамдардың аяқ-қолдарына, буындарына пайдасын тигізетіні күмәнсіз», - деді №3 Арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы директорының орынбасары Рима КӨЛБАЕВА.

Сонымен қатар қазыналы қариялардың денсаулығына да соңғы уақытта шаһар басшылығы көп көңіл бөле бастады. Мәселен, жыл басында психикалық орталықта егде тартқан жандарды емдейтін арнайы бөлім де ашылған.    

«Сәуір айнынан бастап қарияларды жатқызып емдеп жатырмыз. Содан бері  80-нен астам қарт емделіп шықты. Ол жерде көбіне күйзеліске түсу, сонымен қатар ақыл есінің төмендеуі, альцгеймер ауру жиі кездеседі», - деді Психикалық сауықтыру орталығының бас дәрігері  Сапар РАХМЕНШЕЕВ.

Ұзақ жасаудың тағы бір құпиясы көтеріңкі көңіл-күй дейді дәрігерлер. Осы орайда Халықаралық қарттар күнінде №3 арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығында мерекелік шара өтті.

Арнат Дүсен, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы