Нұр-Сұлтанда Қосшығұлұлы көшесінің тұрғындары 6 жылдан бері ауыз судың тауқіметін тартып келеді

16.04.2021 03:47

Тұрғындар елордада тұрып суды тасып ішеміз деп қынжылады

Нұр-Сұлтанда Қосшығұлұлы көшесіндегі бірнеше үйдің тұрғындары екі аптадан бері сусыз отыр. Айтуынша, бұл бүгін ғана туындаған мәселе емес. Жылдар бойы суға жарымай келеді. Ол аздай кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуінен жертөлелері қалдық суға толып кетеді екен. Арнамызға шағымдарын айтқан тұрғындардың жанайқайын естіп қайтқан Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай толығырақ айтып береді.

Бұл – Косшығұлы 19/1 және тағы 3 тұрғын үйдің халқы. Тұрғындар елордада тұрып суды тасып ішеміз деп қынжылады. Айтуынша,  6 жылдан бері судың тауқіметін тартып келеді. Оған қоса жер төлелері кәріз қалдықтарына толып кетеді. 10 жыл бұрын пайдалануға берілген тұрғын үйдің күйі осындай.

«Мен зорға дегенде өзім әкім Алтай Көлгіновті сұрадым. Сондықтан ол қазір кішкентай насос қойды. Кейін екі насос айырбастайды деді. Онан бері екі жыл өтті. Біз аптасына екі рет мынадай кәрізде отырамыз. 1-қабаттан 11-қабатқа дейін кәріздің иісі мүнкіп тұрады. Біз өзіміздің үйімізде өзіміз тұра алмаймыз. Ол сасық бір жөн. Үй құлайды ғой. Бір жыл емес, екі жыл емес. Алты жыл суда тұр біздің үйлеріміз», – деді қала тұрғыны Құралай Мұсатаева.

Жер төлені жаман су басу себебі 11 тұрғын үйге бір ғана кәріз станциясы қойылған. Ал, оның барлық үйге күші жетпейді. Сәйкесінше, жер төлелерін де тез су басады. Одан бөлек, су мен кәріз жүйесі былай тұрсын қыстыгүні үй жылымайды дейді. Тіпті,  балалары тоңғаннан бас киіммен ұйықтайтын көрінеді.

«Бізде ешқандай қоршау жоқ. Үйдің қасында  қоршау болуы керек.  Мына жерде қоқыс аумағы болған. Қазір қоқыс аумағын жаңа үйдің арқасына бұзып-бұзып кетті. Қазір мына жер енді кісі тұратын жер деп айтуға қиын», – деді қала тұрғыны Еркін Көккөзев.

Сонымен қатар, үйдің маңында балалар ойнайтын алаң жоқ. Енді халық күн жылынған кезде ұл-қыздарымыз қайда барып ойнайды деп алаңдаулы.

Бірінші ойын алаңын салып, кейін кәріз құбырын жүргізу мақсатында бұл ойын алаңы қауіпті аймаққа айналған. Енді тұрғындар мына құдыққа балаларымыз бір күні түсіп кетіп, мертігіп қала ма деп алаңдап отыр.

Ал, әкімдік өкілінің сөзінше, алдағы уақытта кәріз құбырларын тазарту жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, келесі аптадан бастап тұрғын үйдің алдын қоршау жұмыстары басталады дейді.

«Пәтер иелері кооперативі мен уақытша суды тоқтанқан болатынбыз. Осылайша Қосшығұлұлы көшесіндегі жаңағы аталып өткен станцияда Астана су арнасының мекемесінің мамандарымен толықтай тазарту жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта осындай жағдайлар қайталанбас үшін Қосшығұлұлы көшесіндегі станцияда Астана су арнасының мекемесінің мамандарының күшімен тағы да профилактикалық жұмыстар жүрігізілетін болады», – деді Сарыарқа аудандық тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Мұхаммеджан.

Халықтың айтуынша, бір ғана тазалау жұмыстарымен шектелу жеткізіліксіз. Тағы да кәріз станциясын орнатып беруді сұрайды. Ал, әкімдік оны нақты қашан салатынын айтпады. Тұрғындар осы шағымдарынан нәтиже шықпаса, президентке хат жазамыз деп бекініп отыр.

Қаламқас Нысанбай