Tech Cup: Алматыда робототехника біріншілігі 10-рет өткізіліп отыр

13.08.2024 19:10

Халықаралық жарысқа 12 мен 18 жас аралығындағы 3 мың қатысушы жиналған

Almaty.tv

Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған робототехника бағытындағы Tech Cup жарысы 3 мыңға жуық жас таланттың басын біріктірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Біріншілікке елімізден бөлек, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірлігінен келген үздік топтар қатысып, ғылыми жобаcын таныстырды. Мерейтойлық іс-шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп, өз елінің намысын қорғауға келген жас инженерлерге серпін беріп, сенім сыйлады.

11-сынып оқушысы Дарын Смайыл бұл жобаға қатарластарымен бірге екінші рет қатысып отыр. Екі айдың ішінде спорттық сайысқа қатысатын роботты құрастырып шыққан мектеп оқушыларының жеңіске деген құштарлығы жоғары.  

«Бұл - спорттық робототехника. Оның өз ережесі бар. Соған сай робот құрастырамыз. Ал сайысқа өткен жылы да қатысқан едік. Осы уақыт аралығында мол тәжірибе жинақтап, 4 мемлекетті аралап үлгердік. Бір сөзбен айтқанда, робототехника – болашаққа бастар жол», - дейді қатысушы Дарын Смайыл.

Биыл робототехника біріншілігі осымен 10 рет өткізіліп отыр. Халықаралық жарысқа 12 мен 18 жас аралығындағы 3 мың қатысушы жиналған. Сондай-ақ көршілес Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірлігінен де талантты жастар келіпті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жыл сайын өткізілетін дәстүрлі іс-шара жастардың бойындағы инженерлік қабілетті шыңдап, әлемдік мәселені шешуге ынталандырады.  

«Басты мақсат – оқушылардың бойындағы техникалық қабілетті дамыту, ғылымға, робототехникаға деген құштарлығын ояту. Бәріміз білетіндей, Алматы қаласындағы робототехника біріншіліктерінде өте жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Атап өтерлігі, бұл сайысқа оқушылар тегін қатысады. Олар бір жыл бойы іріктелді. Мықтылары жарыста өз өнерін паш етті», - деді «Алматы дарыны» орталығының директоры Гүлнұр Кәрімғажы

Жалынды жастар, болашақ инженерлер жаңа жобасын таныстырып қана қоймай, сайыста жеңіске жетуді көздейді. Себебі жеңімпаздар қыркүйекте ел намысын қорғау үшін Грекияда өтетін біріншілікке аттанады. Онда әлемнің 191 елінен келген қатысушы өзара сынға түспек.

Рүстем Айткәрім, Айдана Нұраш, Алишер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы.