Ұлттық археология мектебінің негізін қалаған Ә. Марғұланның туғанына 117 жыл

12.05.2021 03:10

Қарға тамырлы қазақ тарихына талай жазбалар мен еңбектер қалдырған тарихи тұлғамыз археологиядан бөлек, ұлт әдебиетіне, ел географиясына, жалпы қазақ мәдениетінің дамуына серпіліс берді

Қазақ археологы Әлкей Марғұланның туғанына биыл 117 жыл, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қарға тамырлы қазақ тарихына талай жазбалар мен еңбектер қалдырған тарихи тұлғамыз археологиядан бөлек, ұлт әдебиетіне, ел географиясына, жалпы қазақ мәдениетінің дамуына серпіліс берді. Әлихан Бөкейханов сынды ұлт зиялыларымен бірлесе отырып, ұмыт болған шежіремізді жаңғыртты. Алаш баласының сәулелі ғұмыры бүгінгі ұрпақ үшін білім мен табандылықтың бір арнада тоғысқан үлгісі ретінде қала береді.

Ұлттық археология мектебінің негізін қалаған Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда Баянауыл ауданында дүниеге келген. Алғашқы білім нәрін өз ауылындағы мектептен алып, өсе келе Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсын бітірді. Туған жерге оралып ұстаздық етті. Студенттік шағында белді журналдарда және «Қазақ тілі» газетінде қызмет атқара жүріп, жазушы Мұхтар Әуезовпен, Алаш арысы Мағжан Жұмабаевпен танысты. Осылайша ерте жастан-ақ ғылым жолына бет бұрды.

«Қазіргі таңда барлық археологиялық зерттеулер сол кісінің бастамасының жалғасы деп айтсақ болады. Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген ұғымды негізі сол Әлкей Хақанұлы Марғұланның ұсынуымен ашылған мәдениет деп айтсақ болады», – деді Ә. Марғұлан атындағы археологиялық институт директорының орынбасары Әлия Манапова.

Қылышынан қан тамған қызыл үкімет тұсында қазақ тарихын зерттеуден тайсалмай, тіпті 1926-1927 жылдары Алтай археология және этнография экспедициясында Әлихан Бөкейханмен тығыз қарым-қатынаста болады. 1928 жылы қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды. Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негiзiнде ғылыми дәйектi тұжырымдар жасады. Қазақ бұқарасының көне кезеңдерін толық зерттеп, қазақ жазирасындағы ескерткіштерге тарихи маңызын қайтарды.

«Әкем экспедиция тобын құрып қазақ тарихын терең зерттеді. Сарайшық, Алтын Орда шежіресін жазарда Алтай, Тарбағатай, Шыңғыстаудан асып, Қаратауды өтті. 30 жыл бойы Орталық Қазақстанның тарихи мекендерінде болып, ежелгі тайпалық кезеңдегі қазақ мәдениетін топтастырды. Осылайша ұрпаққа ғылыми мұра қалдырып кетті», – деді Ә. Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызы.

Әлкей Марғұлан Сырдария, Шу, Талас өзендерi бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қаласы орнында қазба жұмыстарын жүргiзiп, соның негiзiнде «Көне қазақ жерiнiң қалалары мен құрылыс өнерiнiң тарихы» аталатын монографиясын жариялады.

«Әлкей Марғұланның көзін көрген адаммын. Баянауылдағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде ғалым аға экспедицияның басына келді. Сол кездің өзінде ол біз үшін аңыз адам еді. Қартайған шағында да білек сыбана кірісіп, Шығыс Қазақстан табылған көне жәдігерлердің түр сипатын таныды», – деді Ә. Марғұлан атындағы археологиялық институттың жетекші ғылыми қызметкері Антонина Ермолаева.

1976-1984 жылдар аралығы Әлкей Марғұлан үшін жемісті де, жеңісті болды. Ол өзiне дейiнгi Қазақстанды зерттеушi орыс ғалымдарының қазақ даласы тек көшпелiлер мекенi болды деген тұжырымдарының шындыққа сай келмейтiндiгiн дәлелдедi. Дегенмен білімді азаматтың еркін самғауына сол кездердегі қызыл үкімет көсемдері кедергі келтірді. Соған қарамастан, бойында қайсар қазақтың қаны тулаған тарихи тұлға адамзат тарихына өшпестей із қалдырып кетті.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы