42500 теңге: Жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін өтінім беруге міндеттеледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Жәрдемақыны алу үшін өтініш беруге асығудың қажеті жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алу үшін өтініш беруге асығудың қажеті жоқ. Бұл туралы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы мәлімдеді. Оның сөзінше, өтініштер қыркүйекке дейін қабылданады. Ал жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін өтінім беруге міндеттеледі. Егер жұмыс беруші бұл міндетті атқарудан бас тартатын болса, оның бұл әрекетін жұмысшылар арнайы еңбек инспекцияларына айтып, шағым түсіре алады. Толығырақ Almaty.tv тілшіcі тарқатсын.

Төлеубике Бәйменова туристік фирмада менеджер болып жұмыс жасайды. Елімізде енгізілген шектеу шараларына байланысты үшінші мәрте жұмысын тоқтата тұруға тура келіпті.

«Мамырда жұмысқа шықтық. Біз тек шамалы уақыт жұмыс істедік. Маусымның аяғы мен шілденің басында жұмысымыз қайта тоқтап қалды. Әрине, халыққа керек бұл ақша. Енді шамалы уақытқа жететін шығаар. Мен пәтер жалдап тұрамын, маған қиындау ол», – деді  қала тұрғыны Төлеубике Бәйменова.

Тағы да табыстан қағылдық деген ол бүгін қайтадан 42500 теңге алуға өтінімді беріп үлгеріпті. Бірақ әзірге бұл әрекетінен нәтиже шықпапты. Осыған орай мамандар халықты өтінім жіберуге асықпауларын сұрайды. Себебі бұл ресурсқа бір мезетте ауыр жүк салады. Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы аталмыш көмек тек бір айға ғана берілетінін айтты. Сондықтан 42500-ді алатындар өтінімді қыркүйекке дейін жіберуге мүмкіндігі бар. Ал еш жерде тіркелмесе де жұмыс істеген студенттерге төлем берілмейді.

«Бізде студент азаматтар бар, кеше брифингте министр айтып кетті, студенттер біздің экономикалық жұмыс күшіне кірмейді. Өйткені олар оқиды, олар өздері білім алу керек. Сол үшін олар қазіргі таңда, егер осы шектеуге дейін төленбеген болса, ешқандай жарналар онда бұл төлемге мүддесіз болады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Әйтсе де егер студент заңды түрде тіркеліп жұмыс істеген болса, онда жұмыс беруші оны тізімге енгізе алады. Тек осы жағдайда ғана 42500 теңгені алуға мүмкіндігі бар. Тағы мына азаматтарға төлем тағайындалмайды: карантин кезінде жұмысы тоқтамағандарға, жыл сайын еңбек демалысына шыққандарға, жұмысы тоқтап, кейіннен жұмыстан босатылғандарға, соңғы 6 айда бірыңғай жиынтық төлемді төлемегендерге, соңғы 6 айда зейнетақы жарнасы болмағандарға, жұмыспен қамту орталығында тіркелгендерге, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға 42500 теңге төленбейді. Ал мына азаматтарға төлем тағайындалады: жұмысы тоқтаған жеке кәсіпкерлерге, нотариус, адвокат, медиатор сияқты жеке практикамен айналысатын адамдарға, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге, келісім-шартпен табыс табатындарға, жалақысыз демалысқа кеткен жұмысшыларға.

«Алдындағы төтенше жағдай кезінде әр жұмысшы өзі үшін құжатын өткізіп осы төлемге мүдделі болатын. Қазір бұйрықта кішкене өзгерістер бар. Ол жұмыс беруші өзінің әр жұмыскері үшін өздері өтініш береді. Тізімге қосады, бүкіл ақпаратты береді, содан кейін ғана төлем тағайындалатын болады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.

Осы ретте мамандар жұмыс берушілер қызметкері туралы ақпаратты толтырғанда өте мұқият болуы керек дейді. Куәлік пен картаның нөмірлері дұрыс жазылуы маңызды. Ал қалған азаматтар мына көрсетілген порталдар мен интернет-ресурстар арқылы өтінім жібере алады. Жалпы Алматы қаласы бойынша өткен алғашқы шектеу мерзімдерінде 900 мыңға жуық адам өтініш берсе, соның 441 мыңына бұл төлем тағайындалған. Жалпы сомасы 18 млрд теңге болыпты. Қала бойынша 42500 теңге жәрдемақысы туралы қосымша ақпаратты 385 00 76 нөмірі арқылы білуге болады.

Назкен Еркін, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» арнасы


Новости партнеров