Журналистиканың майталманы, танымал тележүргізуші Бейсен Құранбектің таңертең ауыр дерттен бақилық болғаны туралы суыт хабар жетті
Қазақтың маңдайына біткен біртуар азамат, тележурналистиканың қара нары Бейсен Құранбек бүгін дүние салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Суыт хабарды естіген мұқым елдің жүрегі қарс айырылды. Ауыр дертке шалдыққан журналист қысқа ғұмырында елдің мұң-мұқтажын айтып, кәсібіне адал қызмет етті дейді оның әріптестері.
Бүгін қазақ елінің қабырғасы қайысып, біртуар азаматынан айырылды. Журналистиканың майталманы, танымал тележүргізуші Бейсен Құранбектің таңертең ауыр дерттен бақилық болғаны туралы суыт хабар жетті. Мұны естіген жұрт қара жамылып, жер-жерден арда ұлын ардақтаған пікірлер жеткізді.
«Бейсен бауырымызбен корпорацияны басқарып жүрген кезде 2013-2016 жылдар аралығында «Айтуға оңай» әлеуметтік ток-шоуы бағдарламасын жүргізу кезінде қоян-қолтық бірлесіп, жұмыс істедік. Өте кішіпейіл, қарапайым, өте елгезек, жанашыр азамат еді. Жай ғана жүргізушілік қызмет атқарған жоқ, ол соның әр қазақтың мәселесін өзінің жүрегінен өткізді», – деді «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА.
Бейсен ағаның жүргізген әрбір эфирін халық үзбей көрді, әр сөзін ұйып тыңдады. Көк жәшіктің арғы жағынан қараған көзі қарақты көрермен оның ақ адал ниетін сезінетін. Сол үшін де оның әрбір бағдарламасы елге ыстық болды. Түрлі тағдырды тұла бойынан өткізіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға жастық бола білді. Сөйтіп жүріп айықпас дертке шалдыққанын байқамай қалса керек.
«Дәрігер, емшілерді жағалап, ем іздеген кезде сол емшілердің бірі Бейсенге айтқан екен: «Айналайын-ау, бүкіл қазақтың өксігін бойыңа жиып алыпсың ғой». Кәсіби шеберлікке жетемін деп кейбір журналистер қатайып кетеді. Көп жағдайда эмоцияға бой алдырмайды. Бейсен ондай бола алмады. Оның табиғаты бөлек еді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана НҰРЖІГІТ.
Кезінде қайраткердің үзеңгілес, әріптесі болған, бүгінде жанашыр досы, Сенат депутаты Дана Нұржігіт Бейсен Құранбектің қазақтың қайсар әйелдеріне деген жанашырлығын ерекше атап өтті. Ал облыстық «Жетісу» арнасында істес әріптестері оның мейірімді, қарапайым басшы болғанын айтып еске алды.
«Жар құлағы жастыққа тимей жүріп, облыс әкімдігінің табалдырығын тоздырып жүріп, осы арнаға жаңа ғимарат салдырсам екен деді. Оны жаңа бүгінгі күн талабына сай үлгілі техникамен жабдықтасам деп жүгірді. Бәрін орындады», – деді журналист Мейрам БАЗАРҰЛЫ.
Бейсен Абайұлы биязы мінезімен үлкенді де жасты да баурап алатын дейді әріптестері. Ізінен ілескен інілеріне, қаракөз қарындастарына қолдау көрсетіп, әрдайым демеп жүрді.
«Қазақ журналистикасында Бейсен Құранбектің соқпағы осы күні сайрап жатыр. Ток-шоу жанрында Бейсен Құранбек деген шың қалдырды. «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын көрермен қалай сағынып көрсе, Бейсен Құранбекті де біз әлі талай сағынатын боламыз», – деді журналист Есболат АЙДАБОСЫН.
Бейсен Құранбек қамшыдай қысқа ғұмырында ел қамын күйттеп өтті. Айналасына шуақ шашып жүріп, төртінші мүшелге келгенде, Қасиетті айда дүние салды. Осыған орай Алматы облысының әкімдігі арнайы комиссия құрып, журналистті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі облыстық деңгейде өткізілетіндігін мәлімдеді. Марқұмның жаназасы ертең Талдықорған қаласында таңғы 9:00 шығарылады.
Назкен Еркін, «Алматы» арнасы