Ал 1000-нан астам жұмыс істейтін жас баспаналы болды
«Жастар жылы» аясында Алматыда бір мыңнан астам жұмыс істейтін жас баспаналы болды. Ал, 15 мыңға жуығы еңбекпен қамтылған. Солардың бірі – Бағдат Ахметжанов 2014 жылы «Алматы жылужай Энерго» мекемесінің «Көкжиек» қазандығында жас маман ретінде қабылданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінде білім алған Бағдат мамандығын ерекше құрметтейді. Тұтастай бір ықшамауданды жылумен қамтамасыз етіп отырған компанияда еңбек етіп келе жатқан ол жастар жылында бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Ата-анасынан 14 жасында айырылып, інісін өзі тәрбиелеген жігіт ешқашан өмірдің қиындықтарына мойымадым дейді.
«Оқу бітірген соң ешбір жер тәжірибең жоқ деп жұмысқа алмай қойды. Сосын осы «Алматы жылужай энерго» компаниясына келдім. Содан бері осы жерде еңбектің қиындығына төзіп, оператор қызметін атқарып жүрмін. «Жастар жылында» Президентіміздің алдына барып, жұмысшы жастардың атынан сөз сөйлеу мәртебесіне ие болдым. «Жастар жылында» көп мүмкіндіктер беріліп жатыр. Әсіресе, Алматы қаласы әкімдігінен көмек көп», - деді «Алматы жылужай энерго» ЖШС «Көкжиек» бу қазандығының операторы Бағдат АХМЕТЖАНОВ.
Желтоқсан айында «Алматы жұмысшы жастары» бағдарламасы бойынша бір бөлмелі пәтерге ие болған жас отбасының қуанышында шек жоқ. Үшінші нәрестесін күтіп отырған ерлі-зайыптылар жалдамалы пәтерде тұрған кездерін де ұмытпайды. Баспананың кілтін қолына ала салып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге барғаны да осы жылдағы ерекше сәттердің бірі. "Жастар жылы" әр саладағы жас отбасылар мен қыз-жігіттерге үлкен мүмкіндіктер берді дейді жары Ақмарал Дүйсенова.
«Жастар жылында» бізге баспана берілгеніне алғысымыз шексіз. Бұрын жалдамалы пәтерде тұрғанбыз. Екі апта болды көшіп келгенімізге. Бір бөлмелі пәтеріміз кең сарайдай секілді. Балаларымыз, өзіміз де қуанып жатырмыз. балаларымыздың несібесі шығар», - деді Б. Ахметжановтың жары Ақмарал ДҮЙСЕНОВА.
Айта кетейік, Бағдат Ахметжанов Алматы қаласы әкімдігі өткізген «Тұңғыштар кезеңі» жастар форумында әр саладан жиналған үздіктер қатарында Алматы қаласының әлеуметтік-қоғамдық дамуына зор үлес қосқаны үшін марапатқа ие болды.