Алматыда студенттер онлайн санаққа белсене қатысып жатыр

15.09.2021 03:14

Бостандық ауданы жастар ресурстық орталығының еріктілері оқу орындары мен жатақханаларды аралап, студенттерге онлайн санаққа тіркелу жолдарын үйретті

almaty.tv

«Маңызды шараны біз де қолдаймыз». Алматылық студенттер елімізде тұңғыш өтіп жатқан онлайн санаққа белсене қатысып, өз үлесін қосуда. Бір ғана Бостандық ауданында 2 апта ішінде 2,5 мыңнан астам білім алушы еріктілердің көмегімен электронды порталға тіркелген. Шара бүгін Сәтбаев университеті жатақханасында жалғасын тауып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.

Бүгін Бостандық ауданы жастар ресурстық орталығының еріктілері оқу орындары мен жатақханаларды аралап, студенттерге онлайн санаққа тіркелу жолдарын үйретті. Белсенділердің айтуынша, ауданда 70 мыңға жуық студент бар. Оның 40 мыңнан астамы өзге өңірден.

«Қазіргі таңда осы Бостандық ауданы бойынша 10 оқу мекемесінде насихат жұмыстары жүргізілді. Жастар кеңесі осы жұмысты жүргізіп жатыр. Барлығы қандай маңызды екенін біледі. Сол жұмысты жүргізуге әрқаша да дайын», – деді Бостандық ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Әділ Нұрпейісов.

Еріктілер оқу ордаларына аптасына 2 рет барып, студенттерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Сол себепті білім алушылар белсенді жастарға алғыс айта отырып, замандастарын онлайн санаққа қатысуға шақырды.

«Бұл біздің еліміздің экономикалық және демографиялық, әлеуметтік жағдайын анықтаудың бірден бір жолы. Осындай маңызды шаралардың бірінде өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын», – деді студент Гузал Сұлтанбаева.

«Онлайн түрде көмектесіп жатқан еріктілерге ырзамын. Олар қолынан келгенше көмектесіп жатыр», – деді студент Алмат Несіпқали.

Одан бөлек елімізге танымал блогерлер мен кәсіпкерлер де онлайн санаққа қатысып, қала тұрғындарынан белсенді болуды өтінді.

«Өзіңіздің тұрақты мекенжайыңыз бен қазір тұрып жатқан жеріңізді тіркейсіз. Сол кезде нағыз халықты қай жерде және кім тұрып жатқаны туралы санағы да шығады», – деді кәсіпкер Сырымбек Тау.

«Онлайн тіркеу болып жатыр. Өзім құптаймын. Қазіргі уақытта онлайн тіркеу арқылы мысалы Әуезов ауданына не керегін білуге болады», – деді студент блогер Әділет Рахметолла.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін елімізде 2 миллионнан астам азамат онлайн санаққа қатысса, соның 230 мыңға жуығы алматылық. Әзірге қала бойынша Әуезов пен Алатау және Наурызбай аудандары көш бастап тұр.

Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы