Абай атындағы опера және балет театрының әртістері 3 млн-нан аса көрерменге онлайн концерт берген

30.01.2021 03:17

Алматыда мәдени ошақтар жұмысын тоқтатады

©PHOTO: АБАЙ АТЫНДАҒЫ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫ

Алматының «қызыл аймаққа» кіріп, карантин талаптарының күшеюіне байланысты қаладағы барлық мәдени ошақтар жұмысын тоқтатады. Осыған орай Абай атындағы опера және балет театры БАҚ өкілдерімен ашық диалог өткізді. Кездесуде  өнер ордасының 2020 жылы қандай жетістікке жетіп, қалай жұмыс атқарғаны турасында есеп берілді. Жуырда ғана «Ұлттық» мәртебеге ие болған театр карантин кезінде 300 видео шығарылым дайындап, 3 миллионнан аса көрерменге онлайн концерт қойып берген, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Енді, той, басқа да театр дегендерді қазір қоя тұру керек. Ең бастысы, елдің денсаулығы керек бізге, амандығымыз керек. Театрлардың ішіндегі 3-орынға кіріп отырмыз, ең халықтың, көп бізді қарауының арқасында, көптеген концерттер беруіміздің арқасында», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева.

«Тек қана біздің елде емес, бүкіл дүниежүзінде болып жатқан мынау індет, адамдардың өмірден кетуі, қатты, көптеген аурулар, соның бәрі біздің барлығымызды ойландырады, сақтыққа шақырады. Сондықтан мен біздің опера театрын жақсы көретін, біздің опера театрын қастерлейтін және де біздің опера театрының өнерін тамашалап келіп тұратын бүкіл көрерменге, жалпы қазақ еліне айтарым – міндетті түрде тәртіпті сақтауымыз керек», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Бүкенов.