|
21.01.2021 | 22:17
1185

Бес мыңнан астам тұрмысы төмен алматылық тұрғынның коммуналдық қарызы кешірілді

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен олардың берешегін өтеу үшін бюджеттен 80 миллион теңге бөлінген

Бес мыңнан астам тұрмысы төмен алматылық тұрғынның коммуналдық қарызы кешірілді Фото: google.com

5 мыңнан астам тұрмысы төмен алматылық тұрғынның коммуналдық қарызы кешірілді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен олардың берешегін өтеу үшін бюджеттен 80 миллион теңге бөлінген. Коммуналдық мекемелер көмекке зәру жандардың дебиторлық қарыздарын есептен шығарды. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.

Көмек тек қоғамның әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарға көрсетілді. Атап айтқанда, екінші дүниежүзілік соғыс пен еңбек майданының ардагерлері, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мұқтаж зейнеткерлер. Сондай-ақ, тізімде атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен асыраушысынан айырылған отбасылар да бар.

ГРАФИКА:

- Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері - 11 адам (78 061 теңге);

- еңбек майданына қатысушы - 840 адам (4 659 507 теңге);

- Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне теңестірілген - 115 адам (1 520 764 теңге);

- басқа мемлекеттерде болған соғыс ардагері - 49 адам (1 881 004 теңге);

- 18-ге толмаған 4 немесе одан көп баласы бар отбасы - 462 адам (15 898 519 теңге);

- I, II және III топтағы мүгедек - 2 709 адам (37 619 113 теңге);

- АӘК алатындар - 224 адам (6 735 501 теңге);

- ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткер - 211 адам (7 770 687 теңге);

- мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы - 346 адам (2 438 187 теңге);

- асыраушысынан айырылғаны үшін жәрдемақы алатын отбасы - 88 адам (1 271 369 теңге).

«Алматы жылу жүйесі» және «Алматы Су» кәсіпорындарымен әлеуметтік осал топтардың жылу, ыстық және суық су үшін коммуналды қарыздары алынып тасталды. Аталмыш көмек 5055 тұрғынға көрсетілді», – деді қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы бөлімінің бас маманы Мерей Оңғаров.

Дебиторлық қарызы кешірілгендердің бірі – Нұрболат Шәбденов екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Денсаулығынан ақау табылғалы дәрігерлер жұмыс істеуге тыйым салған екен. Ал карантин кезінде қаражат табуы тіпті қиындап, 3 баласын асырау оңай болмаған. 2-3 жылдың ішінде коммуналдық кәсіпорындарға ыстық су мен жылу үшін шамамен бір миллион теңгеге қарызға батқан.  

«Біз бұл көмек туралы 2-3 қаңтарда білдік. Түбіртекті көріп, әрине, қатты таң қалдық. Шынымды айтсам, алғашында сенбедім. Жомарт жандарға шын жүректен алғыс айтамын», – деді Жетісу ауданының тұрғыны Нұрболат Шәбденов.

Коммуналды кәсіпорын мамандарының айтуынша, мекемеге жиі қарыз болып қалатындардың басым бөлігі жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар екен. Бүгінгі таңда тізімге енген барлық тұрғындардың қарызы толығымен өтелді.

«Төменгі жағдайдағы қоғам азаматтарына «Алматы Су» мекемесіне  4600 дербес шоттың қарызын өтеу үшін 33 миллион 510 мың теңге бөлінген еді. Ол ақшаны біз барлық дербес шоттарға бөліп, қарыздарына байланысты қаңтар айындағы квитанцияларында көрсеттік», – деді «Алматы су» МКМ басқарма басшысы Олжас Жұмағұлов.

Айта кетейік, қазір елімізде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны шамамен 525 мың адамды құрайды. Ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алатын 166 мың қазақстандық бар.

Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир