Алатау ауданына қарасты Ақбұлақтағы Сарытоғай көшесінде газ құбырлары 2010 жылы тартылғанымен, әлі күнге дейін ықшам аудан тұрғындары көгілдір отынсыз отыр. Кеше Akimat live бағдарламасына осылай деп хабарласқан көрермен қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұл іске араласып, мәселені шешіп беруін сұраған болатын. Шаһар басшысы жауапты тұлғаларға мәселенің мән-жайын дереу анықтап, оны шешуді тапсырды. Сөйтсе, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды екен. Сарытоғай көшесі толығымен газбен қамтылған. Оған Ақбұлаққа арнайы барған Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке де көз жеткізді.
Шаһар басшысының тапсырмасын тез арада шешу мақсатында, хабар аяқтала салысымен Алатау ауданының әкімдігі шұғыл түрде Ақбұлақ шағын ауданындағы Сарытоғай көшесіне аттанады. Жол-жөнекей мәселенің анық-қанығын білу үшін Akimat live бағдарламасына хабарласқан әлгі азаматқа қоңырау шалады. Сөйтсе, ол осыдан жарты жыл бұрын үйін сатып көшіп кетіпті. Тіпті, өз үйінің нақты мекенжайын айта алмаған. Ал бүйтіп бағдарламаға хабарласуына қазір сол үйде тұрып жатқандар түрткі болған-мыс.
Нәтижесінде бұл ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты. Дегенмен Алатау әкімдігінің қызметкерлері осы Сарытоғай көшесіндегі әрбір үйге газдың қосылып-қосылмағанын жеке-жеке тексеріп шықты.
Оқиға болған жерден:
- Қазіргі кезде газ бар ғой?!
- Газ бар, иә. Бәрінде бар ғой.
- Сарытоғай көшесі, мкр Ақбұлақ, 22-үйде газ бар. Магистралкіде газ тұр.
Бүгін бұл іске біздің арна тілшілері де араласты. Таңертең Алатау әкімдігімен бірлесе, Ақбұлақ шағын ауданының Сарытоғай көшесіне аттандық. Тұрғындардан сұрастыра келе, әр жеке сектордың көгілдір отынға қосылғанына көз жеткіздік.
«Газ мәселесіне келгенде ешқандай проблема жоқ. Өйткені 2010 жылдан бастап біз газ қосытрдық. Қысымы да жақсы. Газ өшпейді, тұрақты», – деді Ақбұлақ шағын ауданының тұрғыны Жұлдыз Есентаева.
«Трубаны жаңартуға да әлі уақыты келген жоқ шығар. Бәрі жаңа трубалар. Ол тартылғаннан бері бірден 2010 жылынан газ берілген. Енді мына құбырда газ жоқ дегенге адам сенбейді ғой, шынын айтқанда. Бәрінде бар ғой», – деді Ақбұлақ шағын ауданының тұрғыны Тоқтархан Чукуев.
Алатау ауданының әкімі Азамат Бескемпірұлы мұндағы халықпен өзі жеке кездесіп, газ мәселесіне қатысты проблемалардың бар-жоғын анықтады.
«Алатау ауданы, Ақбұлақ ықшам ауданы бүгінгі таңда 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Біз Сарытоғай көшесінде тұрмыз. Кеше Akimat live бағдарламасына қала әкіміне осы Сарытоғай көшесінің магистралдық құбырларында газ жоқ деген мәлімет, сұрақ қойылған болатын. Бүгін осы орынға шығып, мәнжайдың бәрін анықтап, сұрастырсақ, газдың қысымы да, ШГРП-лары да, бәрі өзінің қалпында, штаттық режимде жұмыс жасауда. Тұрғындармен де сөйлескен кезде, бәрі растап отыр», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Ақбұлақ шағын ауданында бүгінгі таңда 1940 жеке тұрғын үй және 187 көпқабатты үй бар. 20 шақырымды құрайтын магистральдық газ құбырын мұнда «Асыл Ғалым» мердігер ұйымы жүргізген болатын. Шағын аудан бойынша газ жүйесімен 45 көше толығымен қамтылған.
Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы