Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, студенттер мен кітапхана оқырмандары қатысты
Бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегеновтың 70 жылдық мерейтойына орай 12 томдық шығармалар жинағы мен 4 кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Темірхан Тебегенов - ұлттық әдебиетімізді зерттеп, әлем әдебиеті өкілдерінің шығармашылығына да түрен салып жүрген ғалым. Қазақ тілі мен әдебиетінің жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген қаламгердің әлі де оқырманға берері мол.
«Біздің қазақ әдебиетінің бұрын кеңестік дәуірлерде тыйым салынған тақырыптар болатын. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған, аштық құрбандарына арналған, қазақтың атақты хандарының, би-шешендерінің, батырларының әлі айтылмай қалған жақтарын қазіргі ұрпаққа жеткізу арқылы келер ұрпаққа танытқымыз келеді. Осының бәрін жинақтап айтқанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 28 жыл толып, алға қарай өрлейтін кезімізде 30 жыл, 40 жыл бола ма әйтеуір қазақ әдебиетінің, сол арқылы қазақ халқының әлемдік деңгейдегі өркениет кеңістігіндегі биіктігін танытқымыз келеді», - деді филология ғылымдарының докторы Темірхан ТЕБЕГЕНОВ.
Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, студенттер мен кітапхана оқырмандары қатысты. Әріптестері жазушының туындылары - көркемдік деңгейі оқырмандардың биік талғамына, танымына сәйкес жазылған, поэтикалық-эстетикалық сипаты уақыт сынына төтеп бере алатын шығармалар дейді.
«Міне бүгін біз 16 кітаптың тұсауын кесіп отырмыз. Бұл кез-келген ғалымның, кез-келген қаламгердің қолынан келе бермейді. Өте еңбекқор, жан-жақты тақырыбын тереңнен зерттеп, түбегейлі зерттеп, жете зерттеп барып жазатын ғалым. Оқымысты. Екінші бұл кісінің адамгершілік, кісілік, имандылық қасиеті өте жоғары», - деді жазушы Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ.