Спортта, қазақ эстрадасында танылған тұлғалар да ардақты аналары жайлы сөз қозғап, естелігін бөлісті
«Алып – анадан туады». Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өседі. Әр ана өз баласын өсіре отырып, ұлттың да болашағын тәрбиелейді. Осындай рухы биік жандардың бірі – өзінің еңбек жолында мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, әдебиеттанушы Фәтима Ғабитова болатын. Оның өмірі қазақтың маңдайына біткен арда ұлдарымен бірге біте қайнасқан. Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов анасын қалай еске алады? Спортта, қазақ эстрадасында танылған тұлғалар да ардақты аналары жайлы сөз қозғап, естелігін бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Рухы мықты, адамгершілігі мол. Биік парасатымен бірге асқан сұлулығымен ерекшеленген. Мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов анасы Фәтима Ғабитованы осылай еске алады. Жуырда «Фәтима» деп аталатын фильм сценарийінің жазылып біткенін айтқан Мемлекет және қоғам қайраткері анасының мойнына түскен ауыртпалықтың бәрін қайсарлықпен көтере білгені мұнда тамаша жазылған дейді. Расымен де, қатал тағдырға қарсы күресе білуінің өзі де Фатима анамыздың қажырлылығын көрсетеді.
«Енді осы фильмге жақсы режиссер табылса, тамаша туынды шығатынына күмән жоқ. Сценарийді оқығандар Фәтиманың ауыр тағдыры жайлы жақсы жазылған дейді. Ал фильм аннотациясында Фәтима Ғабитова өте сұлу және қайсар әйел деп көрсетілген. Шынында, анам өмір бойы тоталитарлық режимнің озбыр саясатымен күресіп өтті. Өлең, күнделік жазатын. Анамды мақтанышпен еске ала отырып, мына Ұлжан, Зере, Бопай, Томирис секілді біздің ұлы тарихы тұлғаларымыздың есімдері секілді анамыз Фәтима да рухы мықты, адамгершілігі мол тұлға ретінде тарихта үлкен орын алады деп сенемін», – деді мәдениеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.
Ал Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, танымал боксшы Ермахан Ибраимов 10 баланы тәрбиелеген анасы Жәмилә Назымбекқызын бүгін сағынышпен еске алады. Дүниеден өткеніне 10 жылға жуықтаса да, баласының қатысқан әрбір жарыстағы жеңісі мен жеңілісіне бірге қуанып, бірге мұңаятын кездерін ерекше ықыласпен жеткізді.
«Біздер үшін қатты қобалжыды. Әр жарысқа қатысқанымызды теледидардан көре алмай, ас үйге барып, жеті нанын пісіре беріп, қатты қобалжыған жағдайы бар. Өте нәзік жанды болды менің анам. Ұшақпен ұшсақ та, қашан келеді екен, қашан үйге кірер екен деп қатты қобалжып отыратын», – деді олимпиада чемпионы, қалалық мәслихат депутаты Ермахан Ибраимов.
Қазақ эстрадасында Бүркіт есімімен танылған Айбек Жансейітовтің анасы Айша Көпжасарова – ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Алғашында ұлының әнші болуын соншалықты қаламаса да, қазір бауыр еті баласының жеткен жетістіктеріне қуана қарайды. Өйткені ән айту, домбыра тарту Айбекке әкесі жағынан да, нағышы жағынан да дарыған.
«Өзінің еңбегі, біріншіден, екіншіден, ар жағында түртіп тұр ғой, шабыт түртіп тұр. Сондықтан ән де жаза алады, керек болса әндердің сөзін де жазады. Ананың барлығы баласының жақсы болғанын тілейді. Ананың барлығы баласының жақсы болғанын тілейді, үлкен азамат болғанын тілейді. Сондай ананың біреуімін», – деді ақын, қазақстан жазушылар одағының мүшесі Айша Көпжасарова.
Әншінің репертуарындағы «Мекенім – Қазақстан», «Туған жер» және басқа да көптеген әндері анасы ақын Айша Көпжасарованың сөзіне жазылған. Мәтінге ән емес, әнге мәтін жазу керек кездерде біраз қиындық туғызған сәттер де болғанын айтады.
«Мен айтам, мына жерде екі буын артық, болмайды, қысқарту керек деп. Онда былай жазайық, былай жазайық деп, әйтеуір жақсы. Мен қадағалап отыратынмын буын жағынан, анам жазып беріп отырды. Жақсы туындылар шықты деп ойлаймын, өйткені «Мекенім – Қазақстанды» мектептерде де орындайды. «Туған жер» бар. Анама мың алғыс», – деді әнші Айбек Жансейітов.
Ана – жүрегі таза, көңілі пәк жан. Ана қашанда перзентінің тілеуін тілейді. Бір қолымен бесік тербесе, екінші қолымен әлем тербейді. Сондықтан аналарымызды құрметтеуді бір сәтке де ұмытпайық.
Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы