Алматылық Мадина Есбергенова барша мейірімді жандардан қызының еміне көмек сұрайды. 6 жасар қызы Тасним Мұраткәрімоваға дәрігерлер туа біткен сал ауруы деген диагноз қойған. Психомоторлық және психотілдік дамуының тежелуі салдарынан қыздың ой-қабілеті қазір 2-3 жасар баланікіндей, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ем алуға бармаған жері қалмапты. Соңғы рет Ташкентке барып қабылдаған емнің арқасында баланың беті бері қараған екен. Дамуы жақсарып келеді дейді анасы. Ал, қолды байлап отырған ендігі мәселе – қаражат жетіспеушілігі.
Іште жатқан балаға 7 айында туа біткен гидроцефалия, бас сүйек қуысында ми-жұлын сұйықтығының көлемі көбейген деген диагноз қойған. «Босанғаннан кейін нәресте көп жылайтын, емсе құсатын» дейді анасы. Мадина Есбергенова бауыр еті баласына 3 айынан бастап массажға апарған. Сол кезден бері жылағаны сәл де болса басылыпты. Дәрігерлердің баланың басындағы суы нормадан көп деп жазып берген дәрі-дәрмектерінен еш әсер болмаған. Уақыт ара невропатологтың көмегіне жүгініп, УЗИ түсіртіпті. Тасним 1 жастан асқанда ауруханаға жатқан. Өйткені, бала өздігімен еңбектемеген, жүруге талпынып, тамақ сұрауды білмепті.
«Дәрінің еш әсері болмады, құсуы тоқтамады. 3 ай сайын массаж алып отырдық. Неврапотолог, узи түсіріп жүрдік. 1 жасынан кейін больницаларға жаттық. Айтарлықтай нәтиже болмады. Жүру, еңбектеу, өз бетімен тамақ жеу болмады», - деді Тасним Мұраткәрімованың анасы Мадина ЕСБЕРГЕНОВА.
2015 жылы Мадина Тілеуқасымқызы қызын ертіп Аружан Саинның «Мейірімділік» еріктілер қоғамы» қоры арқылы Самара қаласына барады. Онда 15 күн бойына микротоқты рефлексті терапия қабылдайды. Бұл емнен кейін Тасним ақырындап еңбектеп, тұра бастаған. Бұдан кейін Челябинсктен тағы 2 емдік курсын алыпты. Содан бері бала өздігінен тамақ іше бастайды.
«Арасында дәрі дәрмек, массажы бар. Үзбей алып отырдық. Остеопадқа бардық, логопед, дефектологтарға бардық.Қазір ата-апа дейді. Өз тілімен бірдеңе айтады, түсініксіз біра. Бірақ өз жасына сай емес. Май айынан бастап биыл 1-інші курсымызды алдық. Сентябрде бардық. Енді декабрде 3-іншісіне барамыз. Түсіну жағы жақсы болып жатқан сияқты. Қаржылай жағы қинап тұр», - деді Тасним Мұраткәрімованың анасы Мадина ЕСБЕРГЕНОВА..
Сондай ақ, былтыр желтоқсанда денесінде кальций жетіспеушіліген бала құлап қалып, аяғын сындырып алған. 3 ай бойы Алматыда ауруханада тағы жатқан.
«Гипс салып еді, оған болмады. Операция жасады. Содан кейін 1 айдай больницада жаттық. Қазір аяғының ішінде штырь тұр. Осы декабрь айында алдыртуға бару керекпіз», - деді Тасним Мұраткәрімованың анасы Мадина ЕСБЕРГЕНОВА.
Мұндай емнің барлығы үлкен қаражатты қажет етеді. Мадина Тілеуқасымқызы қызының еміне барша қазақстандық мейірімді жандардан көмек сұрайды. Күдіктен гөрі, үміті басым ана ендігі еміне баруға қаражат таппай отыр. Қол ұшын созар жандардың табылатынын ана жүрегі сенеді.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы