2001-2010 жылдарға арналған тілдерді дамытудың 10 жылдық бағдарламасы қабылданды
Тәуелсіздік алғаннан кейін 2000 жылдары экономикалық қиындықтар еңсеріліп, мемлекетіміз жаңа ғасырда елдік дамудың даңғыл жолына түсе бастады. Ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға көңіл бөлінді. 2001-2010 жылдарға арналған тілдерді дамытудың 10 жылдық бағдарламасы қабылданды. Осылайша рухани дүниеміздің өзегі – қазақ тілі бостандығын алып, қолдану аясы кеңейе түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2001 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы тойланды. Мерейлі күнге арналған елордада 10 күндік декада өтті. Оған әлемнің 20-ға жуық Президенттері мен лауазымды тұлғалары қатысқан еді. 10 жылда қазақ елін төрткүл дүние таныды. Халықта жарқын болашаққа деген сенімі пайда болды. Ұлттық құндылықтар ұлықтала бастады.
«Тәуелсіздік бізге не берді деген кезде ең басты дер едім – бізге өзімізді-өзіміз тануға, өзімізді-өзіміздің сенуімізге, біздің халқымыздың ерекше көне тарихы бар екеніне және әлемдік өркениетке тең дәрежеде үлес қосқан халық екенімізді өзімізге мойындату деген – ең үлкен тәуелсіздіктің жетістігі», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.
2001-2010 жылдарға арналған тілдерді дамытудың 10 жылдық бағдарламасы қабылданды. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасы іске асырылды. Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты болатын.
«Қазақ тілі тәуелсіздік алмай тұрып та ССР-дің құрамында Қазақстанда өмір сүрді. Өйткені қазақ деген халық бар. Бірақ оның дамуы үшін көптеген арналарына қолдан арнайы, жасанды түрде бөгеттер қойылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін сол бөгеттердің барлығы алынып тасталды. Сонда қазақ тілінің дамуы жолының барлық жолдары ашылды», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан.
Дәл сол жылы да Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл ұлттың ұлылығын көрсетер тағы бір тарих деді ғалымдар.
Асылбек Тойбек