Қазақ жеріне өзге ұлт, этнос өкілдері 19 ғасырдың аяғында көптеп көшіріле бастайды
«Алтын деген – жер сыйы, алғыс деген – ел сыйы». Бүгін еліміз 1 наурыз – Алғыс айту күнін 5-рет атап өтіп жатыр. Елбасының жарлығымен көктемнің алғашқы күні жақсылықтың, татулық пен ынтымақтың нышаны ретінде белгіленді. Бұл күні тарихқа тағзым етіліп, ағайын-туыстан бастап өзге этностар арасында жылы қатынас орнайды. Қазақтың дархандығын, қонақжай, көпұлтты ел екені осы күні ерекше еленеді. Қазақ халқы өз басынан қиын-қыстау кезеңдерді өткерген тұстарда кімдерге пана бола білді? Елге осы уақытқа дейін қанша этнос көшіріліп, қазір саны қаншаға жетті? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Тарам-тарам тарих тармақтарына үңілсек, қазақ жеріне өзге ұлт, этнос өкілдері 19 ғасырдың аяғында көптеп көшіріле бастайды. 1861 жылы Ресейде крепостық құқық жойылып, ондағы орыс, украин, белорус шаруалары шеткері аймақтарға қоныстандырылады. Олар қазақтың бос жатқан жайлы жерлеріне, Орталық Азия мен Сібірге көшіріледі. Осы тұста 1897 жылы жүргізілген бүкілресейлік санақ нәтижесінде қазақ елінің аумағында 24 этнос тіркеледі. Тарихшы ғалымдар өзге ұлт өкілдерін жаппай депортациялау 20 ғасырда көрініс тапты дейді. Екінші Дүниежүзілік соғысқа дейін сталиндік қуғын-сүргінге барлық ұлт өкілдері ұшырады. 1920 жылдан 1949 жылға дейін еріксіз 3,5 миллионға жуық адам өзге елге жер аударылды.
«Біртұтас Кеңес халқын қалыптастыру саясаты болды. Ешқандай ұлттық еркіндік, тәуелсіздік болуға тиіс емес, мемлекет тек қана коммунистік және таптық идеологияға негізделуі керек болды», – деді тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков.
«Ашаршылық жылдарында халықтың негізгі бөлігі қырылды. Бірақ сол кезеңдерде Қазақстанға көші-қон тыйылған жоқ. Мысалы, 1929 жылы ашаршылық бола бастағанда, ашаршылықтың екі дүркінен өтіп әлі де болса бірқатар губернияларда ашарашылық болып жатқанын біліп жатса да, сол кезеңде 1929 жылы Қазақстанда қоныстандыру комитеті ашылды», – деді тарихшы-демограф Айжамал Ибрагимова.
Ғалымдар 1916 мен 1926 жылдар аралығында сырттан жылына 80 мың адам келіп отырған дейді. Оның 70 пайызы қазақ жерінде қалып, осында өсіп-өнген.
«1939 жыл мен 1959 жылдың арасында санақ болған жоқ. Яғни, 1939 жылдан кейін 1959 жылы санақ болды. Осы кезеңдегі Қазақстандағы этностар өкілдерінің саны 114 болған екен. Сонда екі есе өскен деген сөз ғой. Оған не себеп болды дегенде, әрине, оған қуғын-сүргін ғана емес, өндірістендіру процесін айтамыз», – деді тарихшы-демограф Айжамал Ибрагимова.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған соң Қазақстанға неміс, қарашай, қалмақ, шешен, балқар, ингуш сияқты этнос өкілдері күштеп көшіріліп, олар мал қамайтын вагондарға тиеліп әкелінді. Олардың жартысы лагерлерде опат болды. Дәстүр, тіл мен ділден айырылды. Мұндай жер аудару жұмыстары Сталиннің тағылық, жыртқыштық бейнесін көрсетті. Жағдай тек Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана оңала бастаған.
«Оларды мұнда зорлап әкелді. Қазір олардың ұрпақтары өсіп жатыр. Өз кезегінде олар да қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт екенін, яғни Қазақстанға зорлықпен көшіп келген тағдыры осылай болған халықтар қазақ халқының төңірегіне топтасуы керек. Қазақ халқын мемлекет құрушы ұлт ретінде, Қазақстанның болашағы ретінде қарауы керек деп ойлаймын», – деді тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков.
Бүгінде қазақ жері бір шаңырақ астына 130-ға жуық ұлтты ұйыстырып, тату өмір сүріп жатыр. Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, Қазақстан халқының ғылыми интерактивті картасы жасақталды. Онда әр ұлттың тарихы мен бүгінгі өмірі туралы бар ақпарат бар.
«Жылда 7 этнос өкілдері бойынша 130 этнос болса соның бәрін бір кісі болса да осы біздің жерімізде тұрса соларды зерттеп, осы картаға кіргізу сол біздің мақсатымыз», – деді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Алтын Уалтаева.
Айта кетейік, бүгінде Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметіне сәйкес қазақтардың үлесі республика бойынша 68 пайызға өскен.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы